Шәууәл оразасының орнына қазамды өтесем бір жылдық сауап алам ба?
Шәууәл оразасының орнына қазамды өтесем бір жылдық сауап алам ба?
9 жыл бұрын 16558

Сәлеметсіз бе? Ораза қабыл болсын! Мен 10 шақты жылдан бері ораза ұстаймын. Бұрын оразадағы хайыз кездегі қарыз күндерімді бөлек өтеп жүргенмін. Енді 2-3 жылдан бері шәууәл айында 6 күн ораза ұстап қарыздарым да сол күндердің ішінде деп ниет етіп жүрмін, себебі солай істеуге болады деп оқығанмын бір жерден. Сол дұрыс па? Анығын айтып берсеңіздер. Рахмет.

Айгерім 

Уағалейкумуссалам! Айгерім ханым, бұл мәселеде ғалымдарымыз екі пікірге айырылуда. Бірінші пікір бойынша, екеуі екі түрлі ғибадат болғандықтан екеуін екі бөлек ниетпен, екі бөлек уақытта өтеу керек. Өйткені, дінімізде әрқайсысы өз алдына бөлек ғибадат ретінде қарастырылған. Мәселен, бесін намазының сүннетіне бөлек, парызына бөлек ниет етіп, екеуін бөлек өтейтініміз секілді ораза да бөлек өтеледі. Ендеше, оразадан қарызы бар жандар әуелі қарызын өтеп алып, содан кейін шәууәл оразасын ұстасын дейді[1].

Ал, екінші пікірдегі ғұламалардың тұжырымы бойынша, Рамазан айынан кейін басталатын Шәууәл айында қаза оразаларын өтеген кісіге сол айдағы алты күн оразаның да сауабы жазылады. Тек ниет еткенде қаза оразаға ниет етуі керек, шәуал оразасына емес. Себебі, ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у): «Кім рамазан айының оразасын ұстап, оған қосымша шәууәл айында алты күн қосар болса, ол бір жыл ораза ұстаған сияқты болады», [2] – деген хадисінде жалпы ораза жайында айтылған. Хадистің астарында: шәууәл айында қандай да бір оразаға ниет еткен кісі бір жылдық оразаның сауабын алады дегендік жатыр[3].

Екі пікірді түйіндей келе айтарымыз, ораза ұстау арқылы сауабын еселеп алғысы келген кісі екі оразаны екі бөлек өтегені жөн. Себебі, қаншалықты көп ораза ұстаған болсақ, соншалықты сауабы да мол болмақ. Ал, енді, артық ораза ұстауға қиналатын немесе артық ораза ұстауға жағдайы келіңкіремейтін кісілер рамазан айынан кейін тек, қаза оразаларын ұстаса, шәууәл айындағы нәпіл оразаны да қатар өтегенге есептеліп, бір жылдық ораза сауабына кенеледі деген үмітпен оған да рұқсат.Тек ниет еткенде қаза оразаға ниет етуі керек. 


[1] http://fatwa.islamweb.net/fatwa
[2] Әбу Дәуід; Ибн Мәжә.; Муслим
[3] Проф.Доктор Али Жұма, әл-Баян – 290 бет. 2005ж. Каир.; T.D.B. ILMIHAL -  1 c/411 s.

Абдусамат Қасым