Қаза ораза мен Шәуәл айының оразасын бірге ұстаса бола ма?
Қаза ораза мен Шәуәл айының оразасын бірге ұстаса бола ма?
11 күн бұрын 12443

Ассаламуғалейкум! Шәуәл айында ұсталатан нәпіл ораза мен қазаға қалған күндерді бірге ниет етіп ұстаса бола ма? Әлде бөлек-бөлек ұстау керек пе? Рахмет. Айгүл.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Имам Әбу Юсуф (рахимәһулла): қаза ораза мен нәпіл оразаға бірдей ниет еткен жағдайда, онысы Қаза ораза үшін есептеледі деген. Ал, Имам Мұхаммед (рахимәһулла) болса: ондайда жасаған ниеті – қазаға емес, нәпіл оразаға есеп дейді[1].

Осы қос ғұламаның тұжырымына қарай Ханафи мәзхабы бойынша, оразаның қазасы мен «Шәууәл» айында ұсталатын нәпіл оразаны бірге ұстауға болмайды деуге негіз бар. Екеуі екі бөлек ғибадат болғандықтан, бөлек-бөлек ұсталу керек.

Осы тұрғыда, әуелі қазаларыңызды өтеп алып, одан кейін шәууәлдің алты күндік оразасын ұстаймын десеңіз де, не болмаса, бірінші шәууәл оразасын ұстап, кейінірек қазаларды өтеймін десеңіз де өз еркіңіз. Ханафи мәзхабында қаза ораза өтелмей тұрып, нәпіл оразаны тұта беруге болады[2].

Сондай-ақ, шәуәл оразасын тұту мұстахаб амалға жататындықтан, бұл айда оны ұстамай тек қаза оразаны ғана өтеймін деген кісіге де күнә емес. (Тіпті, Шафиғи мәзхабының ғалымдары қаза оразаны шәууәл айында ұстағандықтан қосымша аталмыш айдағы оразаның да сауабы жазылады деген тұжырымды алға тартады[3]).

Және айта кету керек, шәуәл айындағы алты күндік нәпіл оразаны үзбей ұстау шарт емес. Сол ай ішінде бөліп ұстауға да рұқсат. Кейбір Ханафи ғалымдары үзбей ұстағаннан, бөліп ұстағанды артық көрген[4].  


[1] Ибн Һумам: Фәтхуль Бәри – 2/325 бет.
[2] Әл-Мәусуғатуль Фиқһия – 28/100 бет.
[3] Фәтәуә Рамли: Китабус Саум. 194 бет; Али Жұма: әл-Бәян – 291 бет.
[4] Ибн Ғабидин: Раддуль Мухтар – 3/422 бет.

Абдусамат Қасым