Пітір садақасын мешіт құрылысына берсе бола ма?
Пітір садақасын мешіт құрылысына берсе бола ма?
7 ай бұрын 2188

Ассаламуғалейкум! Пітірді мешіт құрылысына қолданса бола ма? Райымбек.  

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Қағида бойынша, зекет пен пітір садақалары мешіт құрылысына берілмейді. Өйткені зекет пен пітірде басты шарт "тәмлик ", яғни, мұқтаж жанның иелігіне беру. Ал мешіт құрылысында ол жоқ. Сол себепті оған жұмсалмайды. Бұл – Ислам ғұламаларының басым көпшілігінің пәтуасы. Одан бөлек, нәпіл садақаларды мешіт құрылысына жұмсай беруге болады.

Зекетке қатысты Алла Тағала «Әәту» - «беріңдер» деп бұйырған болса, пайғамбарымыз пітір садақасына қатысты «Әддуу» - «өтеңдер» деп бұйырған[1]. Бұл екі бұйрық, тек, «тәмлик» болғанда ғана, яғни, мұқтаж жанның қолына беріп, меншік иесі еткенде ғана жүзеге аспақ[2].  

Ханафи ғұламасы Имам Сарахси (р.а.) өзінің әйгілі «әл-Мәбсут» атты ауқымды еңбегінде былай деген:

«Зекет ақшасынан құл азат етуге (мүкәтәбаға емес), қажылыққа жіберуге, қайтыс болған адамның қарызын өтеп, кебінің алуға және мешіт салуға жұмсалмайды. «Тәмлик» жүзеге аспайтын барлық сауапты амалдарға зекеттен берілмейді. Мысалы, құл азат етуде зекет ақшасын құлдың иелігіне өткізу деген жоқ. Мешіт тұрғызу да солай. Мешіт тұрғызу ісінде зекет ақшасын әлдекімнің меншігіне беру деген жоқ»[3].

Бұл жоғарыда айтып өткенімдей, Ислам ғұламаларының басым көпшілігінің тоқтамы.

Мұның өзіндік мәні де жоқ емес. Егер, астарына үңіліп қарайтын болсақ, астарында мұқтаж жанның құқын қорғау жатқандығын аңғаруға болады. Себебі, Исламда мешіт, медресе т.б. пайдалы нысандардың құрылысына зекет пен пітірді жұмсау рұқсат етілгенде, зекет берушілердің көпшілігі мешіт пен медресе тұрғызуға жұмсап кетер еді де, зорға күнелтіп отырған пақыр мұсылман ұмыт қалар еді. Сондықтан да, Алла Тағала жылда бір рет берілетін зекет пен пітірді тек Құранда айтылған орындарға беруді бұйырған. Және зекет берілетін орындарды баян еткен аятта бірінші кезекте пақырлар мен міскіндер айтылады[4]. 


[1]  "ادوا عمن تمونون"
[2] Әл-Ъиная шархуль Һидая.
[3] Имам Сәрәхси: әл-Мәбсут. 3/202 бет. Ықшамдалып алынды.
[4] Тәубе сүресі, 60 аят.

Абдусамат Қасым