Пітір садақаны мүгедек немесе науқас адамның есепшотына салуға бола ма?
Пітір садақаны мүгедек немесе науқас адамның есепшотына салуға бола ма?
5 жыл бұрын 8622

Әссәләмуғалейкум уа рахматуллахи уә бәракатуһ! Пітір садақаны мүгедек балаға каспий арқылы ниет етіп аударуға бола ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Пітір садақада ең бастысы мұқтаж жанның иелігіне өтуі ләзім. Сол себепті, пітірді онлайн түрде мүгедек немесе науқас адамның есепшотына ниет етіп аударып жатсаңыз, оныңыз пітір садақа бергенге есептеледі. Бірақ мына төмендегі шарттар ескерілуі ләзім: 

Пітірді есепшотына аударғыңыз келген мүгедек немесе науқас адам:

Біріншіден – Тұрмысы төмен, кедей болуы керек. (Ең кемі 85 грамм алтынға тең келер қажетінен тыс артық дүниесі (заттай болса да) бар адам кедей санатына жатпайды, олай болған жағдайда, пітір берілмейді, бірақ жəрдем ретінде нəпіл садақа беруге болады).

Екіншіден – Мұсылман болуы шарт. Мұсылман емес адамға пітір мен зекет ақшасы берілмейді. (Нәпіл садақалар беріле береді).

Үшіншіден – пітірді онлайн түрде бергіңіз келген кісіңіз өзіңіздің тұратын елді-мекендегі адам болғаны абзал. Өйткені, өзінің елді-мекенінде садақаға мұқтаж кісі бола тұра, басқа жерге жолдау мәкруһ (ұнамсыз әрекет) саналған. Кітаптардағы мәліметке қарағанда: «Пітір садақасы әуелі өзі тұратын аймақтағы мұқтаж жандарға берілу керек, оны басқа жерге жолдауы мәкруһ», делінеді[1]. Дегенмен, жолдап жатса да пітірі есептеледі. Тіпті, жіберетін кісісі туысы болса немесе өзге аймақтағы кедей кісі жергілікті жердегі кедейлерден қарағанда ақшаға мұқтажырақ болса, оған беру мәкруһ емес делінген.  

Төртінші мән беретін жәйт – сенімділік. Өйткені, бүгінде ғаламтор кеңістігінде науқас адамдардың есебінен қалтасын қалыңдатып алғысы келетіндер де табылып жататындығы жасырын емес. Қырағылық таныту артық болмайды. 

Алла Тағала берген пітір садақаларыңызға еселеп сауап жазғай! 


[1] Имам Сәрәхси: әл-Мәбсүт. 3/106 бет.

Абдусамат Қасым