Оразаны ортасынан тастап кетсе не болады?
Оразаны ортасынан тастап кетсе не болады?
7 жыл бұрын 60278

1.Оразаны ұстап бастап келе жатып, шыдай алмай тастап кетсе не болмақ?

2.Кешіріңіз сұрағаныма. Негізі оразаны ашып жіберуге бола ма?

Құрметті сауал жолдаушы, бастаған оразаңызды соңына шейін ұстау керек. Ауыз бекіткендігіңіздің қадірі сонда болмақ. Ораза ұстау - Жаратушы Иеңіздің Сізге бұйырған бұйрығы. Оны орындамаған адам күнәға батады. Ораза ұстамау – ауыр күнә.

О дүниеде күнәміз бен сауабымыз таразыға тартылып жатқан шақта осы ұстаған оразамыз араға түсіп, бізді арашалап алуға талпынады, яғни, шапағат етеді делінген хадистерде. Қиямет күні барлық адамзат Алланың алдында осы өткінші өмірде істеген істеріне есеп беріп жатқан шақта, күнәсін жуып-шаюға жарар себеп, тозақ азабынан құтқарар тырнақтай болса да ізгі амалдар таппай дал болатын тұста, ұстаған оразасы Жасағанға жалбарынып: «Уа, Ұлық Алла! Мен оны күндіз ішіп-жеуден және нәпсісін тойдырудан тыйдым. Оған шапағат етуіме рұқсат бер» - дейді екен[1]. Яғни, ол Сенің разылығың үшін күні бойы күннің ыстығына қарамастан ішіп-жеуден, төсек ләззатынан өзін тыйды. Оның күнәсін кеш. Пейішке кіруіне рұқсат бер деп жалбарынады.

Бұл дүние - өткінші. Көзді ашып-жұмғанша қалай қартайғанымызды білмей қаламыз. Алпыс жыл болсын, жетпіс-сексен жыл болсын Құдайдың өлшеп берген өмірі өтеді де кетеді. Сонда жиған-терген дүниеміздің бәрі артта қалып, бізбен бірге жасаған жақсылы-жаманды амалдарымыз ғана аттанбақ. Ал, енді, ұстаған оразаларымыз, оқыған намаздарымыз, жасаған жақсылықтарымыз, берген садақаларымыз т.б. ізгі істеріміз – о дүниелік азығымыз. Оған бұ дүниеде қамдануымыз керек екен. Алла тағала былай дейді:

«Ей, мүмін-мұсылмандар! Алладан қорқыңдар. Және әрбір жан ертеңгі күніне не дайындады, соған қарасын. Алладан қорқыңдар. Шынында Алла, сендердің не істеп жүргендеріңді біледі»[2].

Рамазан оразасын жеңілге алмау керек. Оның қадірі – жер мен көктей. Алла Тағала бір құдси хадисте: «Ораза мен үшін. Оның сауабын өзім берем» десе[3], Пайғамбарымыз (с.а.у.) Әбу Үмәмә атты сахабаға: «Сен ораза ұста. Оразаға тең келер құлшылық жоқ»[4], - деген. 

Бұнымен қатар, дінімізде ораза ұстауға қауқарсыз қария кісілер мен жазылуы неғайбыл науқастарға Рамазанның әр күні үшін "пидия" беру қарастырылған. Ал, оны шамасы келе тұра себепсіз ашып жіберген адамға кейінгі айларда алпыс күн бойы үзбей ораза ұстау жазасы бар. Оған шамасы келмейтіндерге алпыс пақырды тойдыру бұйырылған. Осыған қарап-ақ Рамазан оразасының қаншалықты маңызды екендігін аңғаруға болады. 

Құрметті сауал жолдаушы, Алла қалаған құлын тура жолға бастайтындығын Құранда бірнеше жерде айтып өтеді. Ендеше, Алла сізге ораза ұстауды нәсіп етіп тұрған екен, соны нығмет деп біліп соңына дейін шыдас беріңіз. Алда-жалда ауырып, ем қабылдау керек болып жатса, Жаратушы Иеміз ауыз ашуға рұқсат етеді. Кейін ол күннің қазасын өтейсіз. Жолаушылық кезінде ауыз ашуға рұқсат. Әйел кісілер үшін хайыз уақыттарында ораза ұстамау қарастырылған.

Сөзімізді аяқтай келе, хадисте ораза ұстаушының екі қуанышы бар делінген: Бірі осы дүниеде ауыз ашар сәттегі қуаныш. Екіншісі о дүниеде Құдайдың алдына барғандағы қуанышы.  Алла Тағала екі дүниеде де жүзімізді жарқын етіп, ұстаған оразаларымызды кем-кетігімен қабыл етсін. Әмин! 


[1] Имам Ахмад: Мүснәд – 6589 хадис.
[2] Хашр сүресі, 19 аят.
[3] Сахих Бұхаридің хадистер жинағынан.
[4] Нәсәидің хадистер жинағынан. 
(Пидия - Ораза ұстауға қауқары жоқ қариялар мен жазылуы неғайбыл науқастар ұстай алмайтын рамазан оразасының әр күнінде бір кедейді (таңертең және кешке) тамақтандырады. Бұны «пидия» дейді).

Абдусамат Қасым