Ескі оразадан қарызы бар адам не істейді?
Ескі оразадан қарызы бар адам не істейді?
3 жыл бұрын 1922

Сәлеметсіздер ме?.. Естуімше ораза айында жіберілген қарыз күндерді келесі ораза айы келмейінше өтеу қажет екен. Менің алдыңғы жылғы оразадан қалып қойған (белгілі бір себепті) қарыздарым бар. Соны осы келе жатқан рамазан айында қосып  ұстасам бола ма? Өтелінбей қалған жағдайда нендей жағдайлармен қарыздарымнан құтылсам болады екен? Жазасы не? Айтуова Азиза

Сәлеметсіз бе, Азиза! Ханафи мәзхабы бойынша өткен оразадан қалған қарыз күндерді осы келе жатқан рамазанға дейін өтеу шарт емес. Өйткені, Алла Тағала Құран Кәрімде: «Кімде-кім сырқаттанса немесе жолға шықса (аузын ашуға рұқсат) басқа күндері қазасын өтесін»[1], – дей отырып, Алла Тағала қаза ету уақытын шектемей, жалпылама айтып отыр.

Сондықтан да, келесі рамазан айына дейін өтеу міндет емес. Десек те, оразаның қазасын тездетіп келесі оразаға дейін өтеп тастағаныңыз абзал[2]. Қазірден есептесек, Рамазан айының кіруіне бірнеше күн бар. Осы күндерді пайдаланып өткен жылдан қалған оразаңыздың қазасын өтеп алғаныңыз жөн. Ал Рамазанға дейін өтеп үлгермейтін болсаңыз, онда оны рамазаннан кейін де өтей аласыз.

Кейбіреулер «өткен оразалардың қазасын алдағы Рамазанның оразасымен қатар ниет етіп өтеуге бола ма?» деген де сұрақ қойып жатады. Дінде бұған рұқсат жоқ. Қазаға ораза жеке ұсталады.

[1] Бақара сүресі, 185-аят.
[2] Бахрур Раиқ – 2/499-бет.

Абдусамат Қасым