Өлген адамға «иманды болсын» немесе «мархум» деп айту дұрыс па?
Өлген адамға «иманды болсын» немесе «мархум» деп айту дұрыс па?
9 жыл бұрын 103199

Ассаламуғалейкум! Сіздерден сұрайын дегенім: Дүниеден өткен адамға «марқум» деп айтқан дұрыс па? Бір жаназада солай айтсақ, бір кісі: «оның мағынасы  - кешірілген. Кешірді ма, жоқ па, оны біз білмейміз ғой. Сол себепті, «марқум» деп айту дұрыс емес»,  - деп тыйып тастады. Осының ара-жігін ажыратып берсеңіз! Алла разы болсын. Осы тұрғыда, қазақтарда «иманды болсын» деп айтып жатады, оның үкімі қандай?

Аман Медетбеков.

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Мархум» сөзі араб тілінен аударылғанда «Алланың рақымына бөленген» дегенге саяды. Ал, өлген кісілер үшін қолданған кезде «дұға» мен «тілекті» білдіреді, мағынасы былай болмақ: «Алланың рақымына бөленгір!» немесе «Алла рақымына бөлесін!». 

(Дұрысы "марқум" емес, "мархум". Марқум араб тілінен аударғанда "таңба басылған" деген мағынаға саяды, сондықтан да олай емес "мархұм" деп "х" әріпімен айтқан абзал).  

Өлген кісіге «мархум» деп айтудың діни тұрғыда ешқандай терістігі жоқ. Оны айтқан кісі о дүниедегі адамның жағдайынан хабардар етейін деп емес, дұға етіп, тілек білдіру мақсатында айтады. Бұл араб тілінің ерекшелігіне қатысты мәселе.

Арабтарда әлдебір мұсылманның есімін тілге алғанда «Рахимаһуллаһ» деп жатады. Бұл сөзді тікелей аударсақ: «Алла оған рақым етті» дегенді білдіреді. Бірақ, бұны дұға мақсатында айтқандықтан мағынасы былай болады: «Алла оны рақымына бөлесін» немесе «Алла рахымына бөлегір».

Ендігі жерде, қазақтарда бір кісі қайтыс болса, естіген адам «иманды болсын» деп жатады. Бұлай айтудың да діни тұрғыда ешқандай күнәсі жоқ. Себебі, бұлда дұға мен тілектің бір түрі. Оның астарында: О дүниеде тарыдай иманы бар адам Алла жарылқап, тозақтан құтылуы мүмкін. Сондықтан, жүрегінде иманы бар болып шықсын, иманы жоқ болып қалмасын деген мән-мағына жатса керек.

Ендеше, әлдебір мұсылманның бақиға аттанғанын естіген адам «иманды болсын» деумен қатар, «иннә лилләһи уә иннә иләйһи ражиъун» дегені жақсы. Оның мағынасы: «Біз Алладан келдік және қайтып соған ораламыз». 

Абдусамат Қасым