Үтір намазы бір рәкағат па?
Үтір намазы бір рәкағат па?
10 жыл бұрын 17709
Ассаламуғалейкум! Үтір намазын қалай оқыған дұрыс. Соны хадистермен дәлелдеп жазып жіберсеңіздер. Имам Әбу Ханифа мәзхабында 3 рәкағатты бірге қосып оқиды. Ал басқа Имам Шафиғи мен Имам Ханбал мәзхабтары бірінші 2 ракағат, сосын бөлек 1 ракағат оқиды. Және үтір намазын ақшам намазы сияқты оқымаңдар деген хадис бар ма?
Мұхаммәд.

Уағалейкумуссалам! Мұхаммәд, үтір намазы жайында көптеген хадистер бар. Оларды хадистер жинағынан көптеп кездестіруге болады. Сондықтан да, адам қайсыған амал етуді білмей дал болады. Міне осындай кезде мәзхабтың рөлі білінеді. Мәзхаб ғұламалары бұл хадистерді сараптай отырып, мұсылмандарға ең дұрысын таңдап берген.

Сіздің сұрағыңызға келер болсақ, Шафиғи мәзхабы мен Ханбали мәзхабы бойынша үтір намазының үкімі – сүннет. Сондықтан да, оны бір ракағаттан он бір ракатқа дейін оқуға болады. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: «Утір намазы – хақ. Кім қаласа жеті ракағат етіп оқысын, қалаған адам бесеу, үшеу және біреу етіп оқысын», – деген[1]. Он бір рәкағат оқығанда екі ракағаттан бөліп оқиды. Соңында бір ракағат үтір етіп бітіреді. Алла Елшісінің осылай істегенін Айша анамыз риуаят еткен.[2] Ханбали мәзхабында, екі сәлеммен үш бас етіп те оқуға болады. Құнұт дұғасын үшіншісінде рукуғтан кейін оқиды[3].  

1.Ханафи мәзхабында үтір намазын оқу – уәжіп. Яғни, оны оқу – міндет.  Міндеттілігі жағынан парыз намазынан кейін тұрады.

Әбу Дәуідте риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у): «Утір намазы – хақ. Оны оқымаған бізден емес. Утір намазы – хақ. Оны оқымаған бізден емес. Утір намазы – хақ. Оны оқымаған бізден емес.»,[4] – деп үш рет қайталап айтқан. Яғни оның бұл сөзі үтір намазының міндет екендігін көрсетеді.

عن عبد الله بن بريدة عن أبيه، قال: سمعت رسول الله صلى الله عليه و سلم يقول: الوِترُ حقّ، فمَن لم يوتِر، فليس منّا، الوِترُ حقّ، فمَن لم يوتِر، فليس منّا، الوِترُ حقّ، فمَن لم يوتِر، ، فليس منّا،". رواه أبو داود

Тағы бір хадисте: «Шынында Алла сендерге (бес уақыттан басқа) бір намазды қосты. Ол – үтір. Оны құптан мен таң намазының арасында оқыңдар: Үтірді. Үтірді!»[5], – деп бұйырды. 

أنّ رسول الله صلى الله عليه و سلم قال: "إنّ الله عزّ و جلّ زادكم صلاةً، فَصَلُّوها فيما بين العشاء إلى الصبح: الوِترَ الوِترَ".

 الهيثامي رجاله الصحيح

Сондай-ақ сахаба Абдулла ибн Амрдің риуаяты бойынша, Алланың Елшісі  (р.а.): «Шынында Алла Тағала сендерге бір намаз қосты. Оны үнемі оқыңдар. Ол намаз – үтір»[6], – деп бұйырды.

Абдулла ибн Аббастан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у): «Үтір барлық мұсылмандарға – уәжіп»[7], – деді.

"عن النبيّ  صلى الله عليه و سلم قال: "الوِترُ واجِبٌ على كلّ مسلمِ.

رواه البزّاز و فيه: جابر الجعفي، و فيه كلام كثير و قد وثقه الثوري.

Аталмыш хадистер үтір намазының уәжіп екендігін көрсетуде.

2.Үтір намазы үш ракағаттан тұрады. Сәлемді үшінші ракағатында беріледі. Бұған дәлел әл-Хакимнің «әл-Мүстәдрак» атты хадис жинағында жеткен риуаят бойынша Айша анамыз былай дейді: «Алланың Елшісі үтір намазын үш ракағат етіп оқитын. Сәлемді тек соңында беретін». Бұлай Омар ибн Хаттаб та оқыды. Мәдине қаласының мұсылмандары соны алды [8].

عن عائشة قالت: كان رسول الله صلى الله عليه و سلم يوتر بثلاث لا يسلّم إلاَ في اخرهنّ، و هذا وتر أمير المؤمنين عمر بن الخطاب رضي الله عنه، و عنه أخذه أهل المدينة.

3.Үш рақағаттың үшінде де фатиха және қосымша бір сүре оқылады. Ибн Мәжәдә риуаят етілген «сахих хадисте» сахаба Абдулла ибн Аббас былай дейді: «Шынында Алланың  Елшісі (с.а.у.) үтір намазында (біріншісінде фатихадан кейін) «Ағла», (екіншісінде Фатихадан кейін) «Кәфирун», ал (үшіншісінде Фатихадан кейін) «Ықылас» сүресін оқитын»[9]. Бұл хадис Айша анамыздан да жеткен.

(عن ابن عباس: أنّ رسول الله صلى الله عليه وسلّم كان يوتر ب(سبّحِ اسم ربِك الأعلى) و (قل يا ايها الكافرون) و (قل هو الله أحد

4.Үшінші ракағатында фатиха және қосымша сүреден кейін рукуға бармай «Аллаһу әкбәр» деп құлақ қағады да, қолды қайта байлап құнут дұғасын оқиды. Сахаба Убей ибн Кағбтың айтуы бойынша:«Пайғамбарымыз үтір намазын оқығанда рукуғқа бармай тұрып құнут дұғасын оқитын», - дейді[10]. (Сахих)

(عن اُبيّ بن كعبٍ: أنَّ رسولَ الله صلى الله عليه وسلّم كان يُوتِرُ فيَقنُتُ قبلَ الركوع". رواه ابن ماجه (صحيح

Құнут дұғасына «Аллаһу әкбәр» деп құлақ қағады дейтінге дәлел келтірер болсақ, Имам Бухаридің «Құрратуль ғайнайн» атты еңбегінде келген риуаятта Әбу Усман былай дейді: «Әзіреті Омар құнут дұғасына қолын көтеретін (құлақ қағатын)»[11]

Әбу Дәуідте риуаят етілген сахих хадисте Әзіреті Алидің айтуы бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у) үтірінің соңында былайша дұға оқитын: Аллаһым! Сенің ашуынан ризалығыңа, жазаңнан кешіріміңе сыйынамын. Сенен (кездестірер жаманшылығыңнан) саған сыйынамын..[12]

عن عليٍّ بن أبي طالب أنّ رسولَ الله صلى الله عليه وسلّم كان يقول في اخر وتره: اللَّهُمَّ إِنِّي أَعُوذُ بِرِضَاكَ مِنْ سَخَطِكَ ، وَبِمُعَافَاتِكَ مِنْ عُقُوبَتِكَ ، وَأَعُوذُ بِكَ مِنْكَ لاَ أُحْصِى ثَنَاءً عَلَيْكَ أَنْتَ كَمَا أَثْنَيْتَ عَلَى نَفْسِكَ رواه أبو داود صحيح

Ал жоғарыда аты аталған ғұламалардың қабыл еткен хадистері  «үтір намазы үш ракағат ретінде бекітілмей тұрған кезде айтылған Пайғамбарымыздың сөздері» дейді ханафи ғалымы әл-Кәсәни[13].

Сіз сұрап отырған «үтір намазын ақшам намазы сияқты оқымаңдар» деген хадисті кездестірмедім. Керісінше Табаранидің риуаятында: «Үтір намазы – күндізгі үтір намазы сияқты. Яғни, ашқам намазы (сияқты)»[14], – деген сахих хадис бар. Бұл хадис те үтір намазының саны үшеу екендігін дәлелдеп тұр

[1] Нәсәий - №442-хадис. 221 -бет.
[2] Сахих Муслим.
[3] Ибнуль Қудама әл-Мақдиси, Умдатуль Фиқх филь Мәзхабиль Ханбали – 27 бет.; Әш-Шатыри, Шархуль Яқутин Нафис – 1/284 бет.; Зухайли, әл-уәжиз – 1/202 бет.
[4] Әбу Дәуід – 2/559 бет, 335 баб/1419 хадис.
[5] Хайсами, китабус Сала – 2/413 бет, №41 баб/3435-хадис. Сахих.;Шәукәни, Нилуль Аутар, Әбуабу Салатит Татауғ: Имам Ахмәдтен және Табараниден риуаят еткен.
[6] Хайсами, китабус Сала – 2/413 бет, №41 баб/3437-хадис.  Имам Ахмадтан жеткен.
[7] Хайсами, китабус Сала – 2/413 бет, №41 баб/3440-хадис.  Сахих.
[8] Әл-Хаким, әл Мустадрак – 1/447 бет, №24/1140 хадис.
[9] Ибн Мәжә – 2\248бет, №1171-хадис.
[10]Ибн Мәжә – 2\255бет, №1182-хадис.; Әбу Дәуід – 2/566 бет, 1427 хадис.
[11]Имам Бухари, Қурратуль ғайнайн – №95 хадис.
[12]Әбу Дәуід – 2\565 бет, №1427-хадис.
[13] Әл Касани, Бадаиғ – 2/226 бет.
[14]Хайсами, китабус Сала – 2/413 бет, №41 баб/3455-хадис.   Сахих.

 

Абдусамат Қасым