Таң намазына ұйықтап қала беремін. Не істеуге болады?
Таң намазына ұйықтап қала беремін. Не істеуге болады?
10 жыл бұрын 46884

Әссәләмуғалейкум! Құрметті сайт ұжымы, сіздерден көмек сұрағым келіп отыр. Таң намазына жиі ұйықтап қала беремін.  Тұрамын деп «оятқышқа» қоямын сағатты. Бірақ еш нәтижесіз. Не істеуге болады. Кеңестеріңізді айтсаңыздар! Болатбек.

Уағалейкумсалам, Болатбек! Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) таң намазының артықшылығын баса айтқан бірнеше хадистері бар. Ол (с.а.у.) бір сөзінде: «Таң намазын оқыған кісі Алланың қорғауында болады»[1], - десе, тағы бір хадисінде: «Кім екі салқынды оқыса (таң мен құптан немесе асыр) пейішке кіреді»[2], - дейді. Сондықтан таң намазын жіберіп алмау жағына аса мән беру керек. Және де Алла елшісі: «Шынында мұнафиқтар үшін ең ауыр намаз – таң намазы мен құптан намазы. Осы екі намаздың қаншалықты сауапты екендігін білсе ғой, еңбектеп болса да келер еді», -[3] дей келе, аталмыш екі намазды оқудың қаншалықты маңызды екенін аңғартып тұр.

Ендеше сізге айтар кеңесіміз:

Біріншіден, ерте жатуға дағдыланыңыз.  

Екіншіден, дәретпен жатқанды әдетке айналдырыңыз. Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахаба Бәрра ибн Ъазибке: «Төсекке жатарда намазға дәрет алғандай дәретіңді ал. Сосын оң жағыңмен жат...»[4], - деген.

Үшіншіден, ұйықтар алдында «аятул курсиді» оқып жатыңыз. Аятул курсиді оқып жатқан адамға  таң атқанға дейін шайтан жоламайды[5].  Таң намазына тұрмай қалуымыздың бірден-бір себебі де - шайтан. Өйткені шайтан адам баласы ұйқыға кеткенде, оның желке тұсына үш бірдей түйін түйеді екен.

Төртіншіден, оятқыштың да (будильник) көмегіне жүгінуді ұмытпаған жөн. Әсіресе, ол - ұйқысы қатты жандардың дер кезінде ұйқысынан оянуға бірден-бір көмекші. Намазға тұру үшін оятқышты пайдаланудың ешқандай шариғи тұрғыда ағаттығы жоқ. Кезінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) Хайбар жорығынан қайтып келе жатқан жолда, таң намазына оят деп Әзіреті Біләлді кезекшілікке қойғандығы риуаят етіледі[5]. 

Бесіншіден, таң намазы уақытында оянғаннан кейін «бисмилланы» айтып бірден тұрыңыз. Өйткені «әне тұрамын, міне тұрамын» деп, созып жатып алу да шайтанның тұзақтарының бірі. Хадисте айтылғандай «Сендердің біреулерін ұйықтағанда шайтан оның желкесіне үш бірдей түйін түйіп: Ұйықта, ұйықта, алдыңда әлі ұзақ түн бар деп, әр түйінді жеке-жеке қағып (дуалап) кетеді. Егер ол соған қарамастан оянып, Аллаһ тағаланы есіне алса, әлгі түйіндердің біреуі шешіледі. Егер тұрып, дәрет алса, тағы біреуі шешіледі. Ал намазын оқыса, соңғысы да шешіліп, түйіндердің бәрінен құтылады. Осылайша ол таңертең сергек тұрады әрі көңіл күйі көтеріңкі болады. Олай істемеген жағдайда, ол таңертең көңілсіз әрі дел-сал болып оянады»[7]. 

Алла тағала құлшылықтарымызды ықыласпен атқаруымызды нәсіп етсін. 

[1] Муслим –(657) 1050.
[2] Бухари және Муслим.
[3] Муслим.
[4] Әбу Дәуід: әбуәбун наум. №5046 хадис.
[5]Бухари; Муслим; Тирмизи.
[6]Сахих Бухари.
[7] Бухари мен Муслим.

Абдусамат Қасым