Тәһәжжүд намазын оқу үшін бір ұйықтап тұру шарт па?
Тәһәжжүд намазын оқу үшін бір ұйықтап тұру шарт па?
5 жыл бұрын 46858

Сәлеметсіз бе, тәхәджуд намазын оқу үшін міндетті түрде құптаннан соң ұйықтау керек пе? Әлде түнде 2-3 терге дейін ұйықтамай жүргенде оқып жатсам бола ма? Жансая.

Сәлеметсіз бе! Хадис кітаптарында келтірілген риуаятта әл-Хажжәж ибн Амр әл-Мәзиний (р.а.) есімді сахаба аталмыш мәселеге қатысты былай деген: 

«Сендердің бірілерің таңға дейін (ұйықтамай) намаз оқыса, тәһәжжуд намазын оқыдым деп санай ма? Шынында тәһәжжуд – қысқа ұйқыдан кейінгі намаз. Ол – қысқа ұйқыдан кейінгі намаз. Ол – қысқа ұйқыдан кейінгі намаз. Ол Алла елшісінің намазы еді»[1].

Сондай-ақ, аталмыш сахаба басқа бір сөзінде былай дейді:   

 " كان رسول الله صلى الله عليه وسلم يتهجد بعد نومه ، وكان يستن قبل أن يتهجد "

«Пайғамбарымыз (с.а.у) ұйқыдан кейін тәһәжжуд оқитын еді. Және де тәһәжжуд оқымастан бұрын тісін мисуакпен тазалап алушы еді»[2].

Бұған қосымша, Имам Құртуби да өзінің тәпсір кітабында «тәһәжжуд» сөзінің тілдік мағынасын «қысқа ұйқыдан ояну» екендігін айта келе, аталмыш намазды бір ұйықтап тұрып оқыған жөн екендігін білдірген. Ол (р.а.) былай дейді:

«Тәһәжжуд – қысқа ұйқыдан ояну деген сөз. Осыдан келіп, түнгі намаз солай аталды, өйткені, кісі намаз үшін ұйқыдан оянады. Ендеше, тәһәжжуд дегеніміз, намаз оқу үшін ұйқыдан тұру деген сөз. Мағынасын (осылай деп) айтқандар: әл-Әсуәд, Ъалқама, Абдуррахман ибн әл-Әсуәд және басқалар»[3].

Тоқ етерін айтқанда, тәһәжжуд оқимын деген кісі алдымен бір ұйықтап тұрғаны абзал. Ал өзіңіз айтпақшы әлдекім түн ортасына шейін ұйықтамай, одан соң тәһәжжудқа ниет етіп оқыған болса, онысы да бекер кетпесі анық. 

Тәһәджүд намазы қалай оқылады?

  1. Тәһәжжуд намазын оқитындығына ниет етеді. (Ниетте рәкәғат санын айтпаса да болады).
  2. Тәһәжжуд намазы да әдеттегідей оқылады 
  3. Білетін сүрелерін оқиды.
  4. Тәһәжжуд намазында ең кемі екі рәкәғат намаз оқылады. Оны төрт, алты, сегіз рәкәғат етіп оқуға да болады. 
  5. Тәһәджүдті төрт, алты немесе сегіз рәкәғат етіп оқитын кісі, оларды екі рәкәғаттан бөліп оқығаны абзал. Төрт рәкәғаттан бөліп оқуға да рұқсат яғни, әр төрт рәкәғатта сәлем беріп оқуға да болады. Мұндай жағдайда, әуелгі отырысында тәшәһһүд дұғасын оқығаннан кейін, салауат оқылады да, (сәлем бермей) үшінші рәкәғатына тұрғанда, оны сәнә дұғасы, әғузу және бисмилләмен бастайды.  
  6. Үтір намазын тәһәжжүд намазынан кейін оқиды. Алайда тәһәджүдке тұра алмайтындығынан қорықса, үтір намазын тәһәджүд уақытына қалдырмағаны жөн.
  7. Үтір намазын орындап қойса да түнде тұрып тәһәжжутты оқи беруге болады[4]

[1] Имам Табарани: әл-Муъжәмуль Әусат. №8665
[2] Имам Табарани: әл-Муъжәмуль Кәбир. №3215 хадис.
[3] Тәфсируль Құртуби, Исра сүресі – 79 аят түсіндірмесі.
[4] Тәһәжжуд намазы жайында толығырақ "Тәһəжжүт намазы жайында не білесіз?" атты мақаланы оқысаңыз болады.

Абдусамат Қасым