Сүннет намазын оқып жатқанда парыз басталып кетсе, не істейді?
Сүннет намазын оқып жатқанда парыз басталып кетсе, не істейді?
8 жыл бұрын 11345

Әссәләмуғалейкум! Таң намазына мешітке келкенде жамағат парыз намазын оқып жатқан болса, не істейді? Парызға қосыламыз ба, әлде алдымен таң намаздың сүннетін оқып аламыз ба? Ал, егер сүннетті оқимын дегенше парыз аяқталатын болса ше? Жалпы басқа да намаздардың алғашқы сүннеттерін оқып жатқан кезде парыз басталып кетсе, қайтпек керек? Алина.

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә баракатуһ!

1.Таң намазына мешітке келген кезде жамағат парыз намазын оқып жатқан болса, қарайсыз: егер парызға үлгеретіңізге сенімді болсаңыз алдымен таң намазының сүннетін оқып алып, артынан үлгерген жеріңізден имамға ұйысыз.

Ал, сүннетті оқып болам дегенше, имам парызды аяқтап қояды деп қорықсаңыз сүннетке бастамай, бірден имамға ұйып, парыз намазын оқисыз.

Хадисші ибн Хажар әл-Асқаланидің «Лисануль Мизан» есімді кітабында мынадай бір әлсіз риуаятты кездестіруге болады. Ол риуаятта сахаба Бурайда былай деген екен: «Біз пайғамбармен (с.а.у.) жорықта бірге едік. (Жорықтан) Келгенімізде адамдардың таң намазын оқып жатқанын көрдік. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Хафсаның бөлмесіне кіріп екі рәкәғат таң намазын (сүннетін) оқыды да, (сосын) шығып, (парыз намазды оқу үшін) жамағатқа келіп қосылды»[1]. Бұл тек таң намазына қатысты.

2. Өзге намаздардағы (мысалы, бесін мен жұма намаздары) алғашқы сүннетті оқып жатқанда қамат айтылып, имам парызға бастап кетсе, немесе жұма күні имам құтпаға тұрса, бірінші мен екінші рәкәғаттағы кісі оқып тұрған сүннет намазын екі рәкәғатқа толтырып аяқтайды[2]. Сосын, онысын парыздан кейін қайтадан төрт рәкәғат етіп оқиды[3] (екі рәкәғат етіп қана оқиды деген ғұламалар да бар). 

Сүннеттің үшінші рәкәғатын оқып жатқан кезде қамат айтылып, имам парызға бастаса, сәждеге барып үлгермеген кісі тұрған күйі оң жағына бір рет сәлем беріп намаздан шығады да жамағатқа ілеседі[4]. Ал, үшіншінің сәждесіне барып үлгерген адам, төртке тәмәмдап, содан соң ғана жамағатқа ілеседі. 

Осы орайда, кейбір Ханафи кітаптарында "Бастаған сүннет намазын қамат айтса да бұзбай соңына шейін оқиды" делінген мәлімет те бар. 


[1] Лисануль Мизан – 4/214 бет.
[2] Ибн Ғабидин: әл-Һадия – 100 бет.
[3] Ибн Ғабидин: Раддул Мухтар – 4/390 бет.
[4] Шүрунбүләли: Имдад – 476 бет. 

Абдусамат Қасым