Соңғы жағдайға байланысты Жұма намазын үйде оқимыз ба? Тәртібі қалай?
Соңғы жағдайға байланысты Жұма намазын үйде оқимыз ба? Тәртібі қалай?
18 күн бұрын 3215

Әссәләмуғалейкум! «Короновирусқа» байланысты мешітте Жұма намазы оқылмайды дейді. Енді үйде өзім жамағатсыз оқуыма бола ма? Тәртібі қалай? Азан мен қамат түсіріле ме? Әлде мешітте шақырылған азан жарай ма?  Сахан.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Соңғы жағдайға байланысты еліміздегі мешіттерде жұма намазын оқу уақытша тоқтатылып отыр. Жұма намазы үйде оқылмайды. Өйткені, жұманың дұрыс болу шарттарының арасында:

  • Орталықтан тағайындалған имамның болуы
  • Жамағаттың болуы (имамнан бөлек үш адам).
  • Көпшіліктің ғибадат үшін еркін кіріп, шығатын «жәәмиъ мешіт» үкіміндегі орын болуы керек деген шарттары бар. Үйде оқу барысында аталмыш шарттар табылмайтындықтан жұма намазы да дұрыс болып есептелмейді.

Сондықтан да, әркім үйінде жеке әдеттегідей бесін намазын оқиды. Жеке деуімнің себебі, бір жағдайлармен мешітте жұма намазын оқи алмаған мұсылман, үйінде бесінді жамағатпен емес, жеке оқуы тиіс.  Бұған байланысты Әзіреті Әлидің мынадай бір сөзі келтірілген. Ардақты сахаба былай дейді: «Жұма күні жұма намазын оқу парыз болған мекенде адамдар бесін намазын жамағатпен оқымайды»[1].


[1] Алә’уддин Али әл-Муттақи ибн Хисамуддин әл-Һинди, «Кәнзуль Ъуммәл», №23309 хадис. 

Абдусамат Қасым