Шетінеген сәбиге Құран бағыштала ма?
Шетінеген сәбиге Құран бағыштала ма?
2 жыл бұрын 2779

Сәлеметсіздер ме! Осы сұрақ мені әрдайм мазалайды. Бес айында шетінеген қызым болып еді. Намазымның соңында, Құран оқып әруақтарға бағыштағанымда еріксі тіліме қызымның есімі келіп, атап отырамын. Бірақ ол періште ғой. Соным дұрыс па, әлде бұрыс па көз жеткізіп беріңіздерші! Ұ.Т.

Сәлеметсіз бе! Жастайынан шетінеген немесе қайтыс болған жас балалардың орны жәннат екені хадисте айтылады[1].  Олар - күнәсіз. Сондықтан қайтыс болған жас баланың жаназа дұғасы оқылғанда, ол үшін Алладан кешірім тілеместен, былай деп дұға етіледі:

«Аллаһуммәж’алһу ләнәә фәрәтан уәж’алһу ләнәә әжрән уә зухрән уәж’алһу ләнәә шаафи’ан уә мушаффа’ан».

Мағынасы: «Аллаһым! Бұл баланы жәннатта бізді қарсы алушы және ақырет сыйы ет! Аллаһым! Бұл баланы бізге шапағатшы ет және шапағатын қабыл ет!».

Алайда, бұл  олардың рухтарына Құран бағыштау күнә дегенді білдірмейді. Оқыған Құраныңыздың саубын шетінеген сәбидің рухына да бағыштап жатсаңыз, оның еш бір айыбы жоқ. Себебі, әлдекімнің рухына Құран бағыштайтын кезде, алдымен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) есімін тілге алып, Оның да рухына Құран сауабын бағыштап жатамыз. Ал, ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) орны мәңгі пейіш екені бәріне белгілі.   

[1] Асқалани, Фатхуль Бари, 1317-хадис түсіндірмесі. Хасан Хадис.

Абдусамат Қасым