"Сәжде аятын" қазақша аудармасынан оқысам да сәжде жасауым керек пе?
"Сәжде аятын" қазақша аудармасынан оқысам да сәжде жасауым керек пе?
8 жыл бұрын 14868

Әссәләмуғалейкум! Құранның қазақша мағынасын оқып жатқанда сәжде аяты кездессе, сәжде жасалады ма? Жанар

Уағалейкум әссәләм уа рахматуллаһи уә баракатуһ!

Құрметті Жанар, Имам Ағзам Әбу Ханифа «парсы тілінде оқылған сәжде аятын естіген адамға сәжде жасау ләзім» десе, бұған қосымша Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед «Құран аяты екенін біліп тұрса, ләзім болады» деп пікір білдірген[1].

Ендеше, сәжде аятын Құранның қазақша аудармасынан оқысаңыз да «тиләуәт сәждесін» орындауыңыз керек.

Тиләуәт сәждесін жасайтын адам дәретті әрі әурет жері жабық болуы тиіс. Құбылаға бет түзеп, ниет етеді. Одан соң, қолдарын көтермей «Аллаһу әкбар» деп сәждеге барады. Үш рет «субхана раббиал-а’ла» дегеннен кейін қайта «Аллаһу әкбар» деп орнынан тұрады. Сосын «Ғуфранака рәббәнә уа иләйкал-масир» дейді. («Аллаһым! Кешіріміңді тілеймін. Сөзсіз саған қайтамыз»).

Құран Кәрімнің он төрт жерінде сәжде аяттары бар. Олар: Ағраф-206; Рағыд-15; Нахыл-50; Исра-109; Мәриям-25; Хаж-18; Фурқан-269; Фурқан-60; Нәмл-25; Сәжде-15; Сад-24; Фүссиләт-37; Нәжм-62; Иншиқақ-20; Алақ-19.


[1] Ибн Ғабидин: Раддуль Мухтар – 2/578 бет.

Абдусамат Қасым