Сәһу сәждесі қай жағдайларда жасалады?
Сәһу сәждесі қай жағдайларда жасалады?
10 жыл бұрын 47022

Ассаламуғалейкум! Сәху сәждесі жайында мағлұмат беріп кетсеңіздер. Қандай жағдайларда және қалай жасалады?

Уағалейкумуссалам! Сәһу сәждесі (қателік сәждесі) намазда кеткен кейбір қателіктер мен кемшіліктерді түзету мақсатында намаз соңында орындалатын әрекет. Бұл – уәжіп[1]. Өйткені, Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Кім де кім намазда күмәнданса сәлем беріп, екі сәжде жасасын», - дейді. Тағы бір хадисінде:«Намаздағы қателіктерге, сәлемнен кейін екі сәжде бар»[2], - деген.  

Бұл сәждені жасайтын адам соңғы отырыста « әттахиятты» оқығаннан соң оң жағына бір рет сәлем беріп[2], қайта «Аллаһу әкбәр» деп, екі рет сәждеге барады да, қайта отырады. Өйткені хадисте: «Әр сәһу сәждеде – сәлемнен кейін екі сәжде жасалады»,[3] - делінген.

Сәһу сәждесі жасалатын қателіктер төмендегідей:
1. Намаздың уәжіптерін ұмытып орындамаса (парыздарын ұмытса, намаз бұзылады). Мысалы, фатиханы ұмытып оқымау, екінші отырысқа отырмау, тәшәһһуд дұғасын оқымау, құнут дұғасын оқымау т.б.;
2. Намаздың парыздарын артығымен істеп қойса.Мысалы, екі сәжденің орнына үш сәжде бір рукуғтың орнына екі рукуғ жасау сияқты; 
3. Намаз ішінде дұға оқылатын жерлерде, құран оқыса. Мысалы, рукуғда, қағдада (тәшәһһуд отырысы) оқылатын дұғаның орнына құран оқып қою осыған жатады;[5].
4. Намаздың парызын кешіктірсе. Мысалы, төрт не үш рәкәғатты намаздардың бірінші отырысында тәшәхуттан кейін салауат, дуға оқып қойса сәһу сәжде жасау міндет. 
4. Намаздың уәжібін кешіктірсе. Мысалы, алғашқы отырыста "тәшәһһуд" дұғасынан кейін салауат оқылған болса, намаз соңында сәһу сәжде жасалуы керек. Өйткені, үшінші рәкәғатқа тұру іс қимылын кешіктірген болып отыр. Және де төртінші рәкәғаттың аттахиятына отырғаннан кейін қателесіп бесіншіге тұрып кетсе де намаз соңында сәһу сәжде жасалады. Өйткені екі жаққа сәлем беріп аяқтау уәжіп амалын кешіктірген болып отыр. 

[1] Сәмәрқанди, Тухфатуль Фуқаһа – 1/209 бет.
[2] Шүрунбүләли, «Имдадуль Фаттах». 482 бет.; Али әл-Қари, «Фатх». 1/349 бет.
[3] Әбу Дәуід - №1038; Ибн Мәжә - №1219 хадис. 
[4] Әбу Дәуід – 1039 хадис,
[5] Маусули, Ихтияр – 1/247 бет.

Абдусамат Қасым