Қараңғы бөлмеде намаз оқуға бола ма?
Қараңғы бөлмеде намаз оқуға бола ма?
9 жыл бұрын 27202

Әссәләмуғалейкум! Қараңғы бөлмеде намаз оқу жайында сұрайын деген едім. Ердос.

Уағалейкум әссәләм, Ердос! Егер, намаз оқитын жеріңіздің ластықтан және сәждеге маңдайды қоюға кедергі жасайтын заттардан таза екендігіне сенімді болсаңыз, онда қараңғы жерде намаз оқудың әбестігі жоқ. «Сахих Бухариде» келтірілген бір хадисте, Айша анамыз былай дейді: «Мен Алла елшісінің алдыңғы жағында ұйықтап жатқан едім. Аяқтарым оның сәжде жасайтын жеріне дейін жетіп жатты. Пайғамбарымыз (с.а.у.) сәждеге барғанда мені түртетін. Бірден аяғымды жинап алатынмын. Сәждеден тұрғанда аяғымды қайта созатынмын. Ол күндері үйлерде май шам жоқ-тұғын»[1]. Осы хадиске қарағанда, қараңғы бөлмеде намаз оқудың рұқсат екендігін аңғаруға болады. 

Ендігі жерде абзалы - аз да болса бөлменің іші көрінердей жарық болғаны жақсы. Неге десеңіз, намазды көзді жұмып оқу мәкрүһ саналған. Себебі, сәжде жасайтын жерге қарап тұру сүннет (немесе мүстахаб). Ал, көзді жұмған адам бұл сүннетті орындамаған болады. Осыны тура мағынасында алар болсақ[2], тас қараңғы бөлмеде де аталмыш сүннет жүзеге аспайтындығы белгілі.

ЕСКЕРТУ: Айша анамыздың хадистегі «ол күндері үйлерде май шам жоқ-тұғын» деген сөзінің астарында «май шамның жарығы болса, мен аяғымды тиетіндей созбас едім, пайғамбар мені түртуге мәжбүр болмас еді» деген мағына жатыр[3].


[1] Сахих Бухари, №372 хадис.
[2] Яғни, сәждеге қараудағы мақсатқа үңілмесек.
[3] Шарху аз-Зарқани алял Муатта – 255,258.

Абдусамат Қасым