Оқыған намазымның сауабын ата-анама бағыштасам бола ма?
Оқыған намазымның сауабын ата-анама бағыштасам бола ма?
8 жыл бұрын 10638

Нәпіл намаз оқып, оны бағыштаса бола ма? Мысалы дәреттен кейінгі шүкір намазын оқып, ата-анаңа хадия қыласың дейді. Осы әрекетті кейбір сопылық жолда жүрген кісілер тастамай жасайды екен. Ал, басқа бір кісіден естуім бойынша, намазды бағыштаса бармайды, әркімнің өз парызы бар дейді ол. Бұл нәпіл ғой бағыштаса сауабы баратын шығар? Айгерим Бахтияр 

Қадірменді Айгерім, сіздің сұрағыңызға қатысты үкімдерді екі топқа бөліп қарастырсақ болады:

1. Басқа біреудің орнына намаз оқып, ораза ұстаса, оның міндетінен түсе ме?

Құдайға құлшылық үш түрлі жолмен орындалады: Біріншісі – намаз, ораза секілді денемен; Екіншісі – зекет, садақа, құрбан шалу сияқты дүние-мүлікпен; Үшіншісі – қажылық, умра секілді малмен де, денемен де орындалатын ғибадат түрлері.  

Намаз, ораза сияқты денемен орындалатын ғибадаттарды әркім өзі  жасауы тиіс. Мұндай ғибадат түрін өзінің орнына өзгенің орындауы есепке алынбайды[1]. Бұл мәселеде ғалымдар арасында талас жоқ[2].

Осыған қатысты сахаба Абдулла ибн Омардан (р.а) бір кісі келіп: «Бір адам екіншісінің орнына ораза ұстауына немесе намаз оқуына бола ма?», - деп сұрайды. Сонда сахаба Абдулла ибн Омар: «Ешкім басқаның орнына ораза ұстамайды. Басқанын орнына намаз оқымайды»[3], - деп жауап берген екен.

2.Жасаған ғибадаттарының сауабын өзгеге бағыштаса бола ма?

- Ханафи мәзхабы ғұламаларының бекіткен тұжырымы бойынша, кісі оқыған намазының, ұстаған оразасының, берген садақасының, жасаған зікірінің т.б. сауабын өзгеге (өліге де, тіріге де) бағыштай алады[4].[5].

Даруқутнидің хадистер жинағында келтірілген риуаятта, бір кісі Пайғамбарымызға келіп: «Уа Алла елшісі! Менің ата-анамның көзі тірісінде оларға жақсылығымды аяған емеспін. Олар о дүниелік болған жағдайда, ол екеуіне қалай пайдамды тигізсем болады?», - деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.у): «Ол кездегі жақсылығың – өзіңмен қоса оларға да (сауабын) арнап намаз оқуың, өзіңмен қоса оларға да (сауабын) арнап ораза ұстауың», - деп жауап берді[6].

Ендеше, өзіңіз айтпақшы шүкір намазын оқып болып: «Уа Жаратушы Ием, мына оқыған намазымның сауабын ата-анама жеткере гөр!»[7], - деп  сауабын бағыштайтын болсаңыз, Алланың қалауымен діттеген жерге жетеді деген үміттеміз.

ЕСКЕРТУ:

Сауабын бағыштау дегеніміз - оның орнына намаз оқу не ораза ұстау деген сөз емес. Әркім өзі намаз оқу керек, ораза ұстауы тиіс. Бұл тек сауабымен бөлісу ғана. Сондықтан да, оқыған намазыңыз бен тұтқан оразаңыздың сауабы бағышталған адамға да жазылғанымен, бұл оны намаз оқу яки ораза ұстау міндетінен құтқармайды[8].


[1] Әл-Жәссас: Шарху Мухтасари әт-Тахауия – 2/443 бет.; Хидая: әл-Хадж ъанил ғайр.
[2] Әбу Ъумар ән-Нәмәри әл-Мәлики: әл-Истизкәр – 10/167 бет. Сирия.
[3] әл-Муатта: «Китабус Сиям», №16 баб/№43 хадис.; Ән-Нәсәи: әс-Сүнәнул Кубра.
[4] Бахрур Раих: әл-Хаж ъанил ғайр – 3/105 бет.; Хидая: әл-Хадж ъанил ғайр; Хашияту Ибн Ъабидин: әл-Хадж ъанил ғайр – 4/10 бет.
[5] Ибн Мәжә: әл-Әдзахи - №3122 хадис.
[6] Нилуь Әутар: Бәбу Усули Сәуәби...
[7] У.Зухайли: әл-Фиқһ... – 8/39 бет.
[8] Бахрур раиқ – 3/105-107 беттер.

Абдусамат Қасым