Намазға байланысты бес сұрақ (сұрақ-жауап)
Намазға байланысты бес сұрақ (сұрақ-жауап)
7 жыл бұрын 11245

- Намаз соңында сәлем бермей шатасып, келесі рәкәғатқа тұрып кетсе, сəһу сәждесі жеткілікті ме? Әлде қайтадан оқу керек па?

- Соңғы "əттəхият" отырысына отырып, алайда, сəлем бермей тұрып кеткен кісі, сәждеге бармай жатып қателескені есіне түссе, бірден қайта қағдаға отырады да, əттəхиятты оқымай, екі жаққа сәлем беріп, намазды аяқтайды. Сәһу сәждесі керек емес (кейбір Ханафи ғалымдар мұнда да сәһу сәжде керек деген. «Жәмиғур рүмүз»).

Ал, артық орындалған рәкәғаттың сәждесіне барып қойған жағдайда, оған тағы бір рәкәғат қосып, намазды аяқтайды. Соңында сәһу сәждесі жасалынады. Намазыңыз дұрыс. Артық орындалған екі рәкәғат намаз - нәпіл намазы болып есептеледі. 

- Соңғы отырысқа отырмаған болсам ше?

- Соңғы отырысқа отырмай, тұрып кеткен жағдайда, қарайсыз: егер, қателескеніңіз артық орындалған рәкәғаттың сәждесіне бармай тұрып есіңізге түссе, бірден кағдаға отырасыз да, сәһу сәжде жасап, намазды аяқтайсыз. Ал, сәждеге барып қойған болсаңыз намаз бұзылады. Дегенмен, оқылған намаз босқа кетпей, нәпіл орнына есептелінеді. Парызды қайта оқиды (ән-Нуқоя). Бұл - соңғы әттахият отырысына отырмай, артық рәкәғатқа тұрып кеткен кісіге қатысты. Соңғы отырысқа отырып, одан соң тұрған кісінің жағдайы жоғарыда айтылды. 

- Намаз - 2 рәкәғат намаз болса, соңында сәлем бермей 3-шіге тұрып бара жатып: «астағфируллах» деп, отыра қалсам, сəһу сәждесін жасасам бола ма?

- "Тұрып бара жатып" дегеніңізге орай сұрақ: тұруға жақын күйдеме едіңіз, əлде отыруға жақын күйдеме едіңіз?

- Отыруға жақын күйде

- Онда сәһу сәжде жасамайсыз. Оныңыз тұрмағанға саналады (ән-Нуқоя).

- Сүрелерді "транскрипциясымен" оқып жүргеніме біраз жыл болды. Бірақ, оқылуын аудиодан тыңдап, дұрыстап алып жүрмін, бола ма? Тәжуид қағидаларын үйренейін десем реті болмай жүр.

- ИншаАлла, намазыңыз дұрыс. Ең болмағанда, сүрелер мен дұғаларды аудио оқылуынан солай жиі тыңдап, жаттағандарыңызды дұрыстап жүрген жақсы. Алдағы уақыттары, арапша әріп танып, Құранды арапшадан оқи алатындай халге жетуге тырысқан жөн.  

- Имамға ұйып жамағатпен намаз оқыған кездері соңғы отырыста «әттахият» дұғасын оқып үлгере алмаймын. Сонда да сәлем берсе, болады ғой? 

- Имам сәлем беріп қойса да «әттахият» дұғасын соңына дейін оқып (алайда, үлгермеген салауат және дұғаны оқымайсыз), одан соң барып сәлем бересіз .

- Алла разы болсын.

- Әмин. Баршамыздан. 

Абдусамат Қасым