Намаздағы бөтен ойлардан қалай құтыламын?
Намаздағы бөтен ойлардан қалай құтыламын?
3 жыл бұрын 2404

Сәлеметсіз бе! Мен 6 жылдан бері намаз оқып келемін. Бірақ намазға тұрсам болды есіме қайдағы бір нәрселер келе береді, ойым – он, санам сан саққа бөлінеді. Шын ниетпен оқиын деп қанша талпынсам да, еш нәтиже шығар емес. Не істесем болады? Осылай оқылған намаздарым қабыл болар ме екен?  Жібек Юсуф.

Сәлеметсіз бе, Жібек! Адам баласының ойы шексіз екені мәлім. Пенде болғаннан кейін намазда да еріксіз санқилы ойдың келуі табиғи жайт.  Мұнда шайтан малғұнның да үлесі жоқ емес. Өйткені, азан айтылып, қамат түсіріліп болғаннан кейін ол намаздағы адамға келіп, жай уақытта ойына келе бермейтін нәрселерін еске түсіріп тұрады екен. Осылайша адам шатасып, қанша рәкәғат оқығанын білмей дал болады[1]. Дегенмен «ифтитах тәкбірін» тартқан кісі, ойын жинақтап, бар ынтасын намазға шоғырландыруға тырысуы керек. Ол үшін  әр қимылда айтылатын тәкбірдің, сәжде мен рукуғта айтылатын дұғалардың мағынасын іштей ұғынып оқыңыз. Бұл ойыңыздың намазға шоғырлануына көмекші болады. Мысалы, «Аллаһу әкбәр» деп тәкбір тартқанда «Алла ұлық» деген мағынасын да санаңызға келтіріп тұрыңыз. Рукуғ пен сәждеде айтылатын дұғаларды да солай мағынасымен түсіне отырып орындаңыз.

Ал өзіңіз айтқандай намаз кезінде ойыңызға қайдағы бір ойлар келетін болса, бұл жағдайда намазды қайта оқудың қажеті жоқ. Еріксіз келіп-кететін ойлардың намазға кедергісі жоқ екенін үмметіне ұғындырғысы келген ардақты Пайғамбарымыз: «Біздің үйде бір кесек алтын бар екен. Намазда тұрып есіме түсті. Оның ертеңге дейін бізде тұрғанын ұнатпағандығымнан, таратып тастауын бұйырдым»[2], – деген. Алайда, терең ойға шомып намаздың парыздарын (рукуғ, сәжде, рәкәғаттарды толық орындамау, т.б.) орындамасаңыз, ол намазды қайта оқуыңыз керек. Ал уәжіптерін (екі рәкәғаттан кейінгі әттахият отырысын, қысқа сүрелерді оқуды, т.б.) ұмытып кетсеңіз, намаз соңында сәһу сәжде жасайсыз.

[1] Фатхуль Бари би Шархи сахихиль Бухари, Китабуль амаль фис сала – 1164- хадис.
[2] Фатхуль Бари би Шархи сахихиль Бухари, Китабуль амаль фис сала – 1163- хадис.

Абдусамат Қасым