«Намаз – жамандықтан тыяды» деген аятты қалай түсінеміз?
«Намаз – жамандықтан тыяды» деген аятты қалай түсінеміз?
2 жыл бұрын 2734

Әссәләмуғалейкум! Алла Тағала Құранда: "Намаз - адамды арсыздықтан және жамандықтан тыяды" деген сөзін қалай түсінеміз? Берік

 Уағалейкумсалам, Берік! Сіз сұрап отырған аяттың толық қазақша мағынасы былай деп келеді:

«Кітаптан саған уахи етілгенді оқы. Және намазыңды толықтай орында. Намаз, шынын айтайық, жаман қылықтардан, күнә жасаудан сақтайды. Алланы еске алу – бәрінен де ұлық. Сендер не істесеңдер де оның бәрін Алла біліп тұрады»[1]

Анкабут сүресі – 45 аят

Алланы әрдайым ұмытпай, есте сақтау – жүректі ғапылдықтан қорғайды. Ондағы иман қуатының әлсіремеуін қамтамасыз етеді. Иман нұры сөнбеген адам жаманшылыққа бармай, күнәдан бойын ұзақ ұстауға тырысады. Сондықтан да болар аяттын соңында «Алланы еске алу – бәрінен де ұлық» деп келген.

Алланы еске салып тұратын екі үлкен құрал бар. Оның бірі – Құран Кәрім. Ал екіншісі – намаз.  Аяттың «Кітаптан саған уахи етілгенді оқы. Және намазыңды толық орында» деуіндегі мақсаты осы болса керек. Өйткені Құран аяттарын оқып, оның мән-мағынасына терең үңілген адам өзін бейне бір Жаратушысымен тікелей тілдесіп отырғандай сезінеді. Күнделікті күйбен тіршілікке алданып, Ұлық Иесін ұмытып жатқандай болса, Құран оқу арқылы қайта есіне алады. Құран Кәрім біздің жүрегімізге қуат беретін бейне бір қуат көзі іспетті.  Жаратушысын еске алып отыру арқылы жүректегі иман қуаты артады. Бір сөзбен айтқанда Жүректегі иман қуатының артуы– Жаратушысын ұмытпауында жатыр. Өйткені жаратушысын ұмытқан жүрек – өлі жүрек.  Жаратушыны ұмытпаудың бірден бір жолы – Құран аяттарын оқып, оған ой жүгірту.

Жаратушымызды ұмытпаудың екінші құралы – шын ықыласпен оқыған намазымыз. Намазға немқұрайлы қарамау арқылы  ықылас пайда болады. Шын ықыласпен оқылған намаз пенденің жүрегіне жаратушысына деген иманды нықтай түседі.  Ал жүрегінде иманы берік адам - жаман әрекеттерге жоламай, күнәлі істерден аулақ болмақ. Өйткені ықыластан туындаған иман нұры және жаратушысына деген сүйіспеншілік ондай нәрсеге тосқауыл.   «Намаз, шынын айтайық, жаман қылықтардан, күнә жасаудан сақтайды» деген аяттың астарында да осы жатыр. Намаз оқу арқылы Алланы естен шығармайсыз, Алланы естен шығармаған кісі жаман әрекеттерден ұзақ, күнәлі істерден аулақ жүреді. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

[1] Анкабут сүресі – 45 аят.

Абдусамат Қасым