Мешітте жамағаттың қайталануы мәкрүһ па?
Мешітте жамағаттың қайталануы мәкрүһ па?
9 жыл бұрын 12031

Әссәләму алейкум! Сізден сұрайын деген мәселем мынадай:мешітте имамға ұйып жамағат намаз оқып болған сон, кешігіп келген кісілер сол намазды жамағатпен емес, бөлек-бөлек оқулары тиіс пе?  Елдос Алдақуатов.

Уағалейкум ассалам, Елдос! Ғұлама Табаранидің (мил. 873/970 ж.) хадистер жинағында келтірілген бір риуаятта былай делінеді:

«Пайғамбар (с.а.у.) Аңсарлар арасын дұрыстау үшін үйінен мешітке қарай шыққан еді. Қайта кері қайтты. Өйткені жамағат мешітте намаз оқып қойған болатын. Пайғамбарымыз (с.а.у.) үйіне кіріп, үйдегілерді намазға жинады. Өзі имамдыққа шығып, жамағатпен намазын оқыды»[1].  

Сондай-ақ, Имам Шафиғи (р.а.) өзінің «әл-Умм» атты еңбегінде сахаба Әнәстің (р.а.) мына бір сөзін риуаят етеді. Құрметті сахаба былай дейді:

«Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сахабалары мешіттегі жамағатқа кешігіп келген уақыттарында әркім жеке-жеке оқитын еді».[2]

Осы хадистерге сүйене отырып, Ханафи ғалымдары мынадай тұжырым жасаған:

Белгілі имамы және белгілі жамағаты бар мешіттердің бірінде(махәллә мешіті)[3] әуелгі жамағат намаз оқып болғаннан сон, кешігіп келген кісілер қайта азан шақырып, қамат түсіру арқылы екінші рет жамағат құрып намаз оқитын болса, олардың бұл әрекеттері – мәкрүһ. Ал, белгілі имамы және азаншысы жоқ немесе жол үстінде орналасқан мешіттерде жамағаттың қайталануы - мәкрүһ емес.

Жоғарыда келтірілген хадис - мұсылман қауымының бірлігін, тұтастығын қамтамасыз етуді мақсат етіп тұрғандай. Сондықтан да, жамағат намазының сауабын толықтай алам деген мұсылман өз уақытында мешітке келіп, ондағы көпшілікпен бірге имамға ұйып, намазын оқығаны абзал[4].

Дегенмен, мешіттегі негізгі жамағатқа кешіккен жағдайда өзі секілді кейіннен келген өзге адамдармен бірігіп, азан шақырмай, қамат түсірмей өздерінше жамағат болып намаз оқулары күнә емес дейтін Ханафи ғалымдары да бар[5].

Ғалымдардың бірі Меккедегі харам мешіті мен Медине қаласындағы Пайғамбарымыздың мешіті сияқты белгілі жамағаты жоқ мешіттер «махалла мешіті» санатына кірмейді. Ондай мешіттер Жол үстіндегі мешіт тәрізді. Сондықтан да ондай мешітте жамағаттың қайталануы мәкрүһ емес деп тұжырым жасаған.

Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а.) бір сөзінде: «Екінші рет қайталанатын жамағат саны үш адамнан көп болса, онда жамағаттың қайталануы мәкрүһ болады», - дейді.

Ал, Оның шәкірті Әбу Юсуфтың (р.а.) берген пәтуасы бойынша, кейіннен келген кісілер араларынан біреуді михрабқа[6] шығарып, осылайша намазды жамағатпен оқитын болса ғана мәкрүһ. Мешіттің басқа жерінде кешіккен кісілер жиналып намаз оқулары мәкрүһ емес. Ең дұрысы осы тұжырым делінген[7].


Сілтемелер:

[1] Ат-табарани. Муъжамул әусат. №4601. Жеткізуші рауилері сенімді. Абдуррахман ибн ӘБи Бәкра риуаят еткен.
[2] Имам әш-Шафиъи. Әл-Умм.
[3] Махәллә мешіті деп – белгілі имамы және белгілі жамағаты бар мешітті айтамыз.
[4] Мешітте жамағаттың қайталануы жалпы мешітке келуші жамағаттың санын азаюына алып келеді. Неге десеңіз, мешітте қайталап жамағатпен оқымау керек екенін ұғынған халық, «жамағат сауабынан» құр қалмау үшін мешітке асығып, жамағаттан қалып қалмауға тырысады, осылайша жамағат саны көбейеді. Ал, жамағатпен қайталанып оқи беруге болады деп түсінген кісі, мешітке асықпай кешігіп жүретін болады.
[5] Бұл ғалымдардың айтуынша, кейіннен келген кісілер өзара жамағат құрып оқуларына болады, бірақ азан айтып, қамат түсірмейді. Екінші рет азан айтатын болса, мәкрүһ болады.
[6] мешіт қабырғасындағы Меккеге бағытталған қуыс орын. Мінәжат етушілерге арналған бұл белгі құбыланы, намаздағы имамның орнын көрсетеді.
[7] Бұл - аталмыш ғалымның (Әбу Юсуф) мына бір сөзінің түсіндірмесі. Ғалым былай деген: «Екінші жамағат, әуелгі жамағат тәріздес болса - мәкрүһ. Алдыңғы жамағатқа ұқсамаса, мәкрүһ емес». Ибн Ғабидин. Раддул Мухтар – Бәбул Имама – 3/504 бет. Бәбул Әзән – 614 бет.

Абдусамат Қасым