«Мәсбуқ» жайында не білесіз?
«Мәсбуқ» жайында не білесіз?
3 жыл бұрын 947

Ассалаумағалейкум! Кейде намазға кешігіп келгенде, имам сәлем бергеннен кейін тұрып оқымаған рәкәғаттарымды оқимын. Сол кезде менің шатасатыным – қанша рәкәғаттан кейін «тәшәһһуд» дұғасына отыру керек екендігі. Айталық, ақшам намазының соңғы ракағатына үлгерген кісі Имам сәлем бергеннен кейін тұрып оқымаған екі рәкәғатының қайсында тәшәһһудқа отыру керек? Құптан намазында ше? Жалпы «Мәсбұқ» жайында айтып өтсеңіздер. Жүрсін.

Уағалейкумуссалам! Намазға кешігіп, имамға бірінші рәкағаттан кейінгі рәкағаттарда ұйыған кісіні «мәсбуқ» дейді. Мәсбуқ имаммен бірге соңғы отырыста тәшәһһуд дуғасын ғана оқып, имамның сәлем беруін күтіп отырады. Имам сәлем бергеннен кейін  «Аллаһу әкбәр» деп тұрып, оқымаған рәкағаттарын (сәнә мен фатиха және қосымша сүрелермен бастап) өз бетінше оқып тәмәмдайды.

Имамның рукуғта бір рет «сүбхана раббиял ғазым» дейтіндей уақытта қосылған кісі сол рәкағатқа толығымен үлгерген болып есептеледі. Ал одан кешігіп қосылған кісі (мысалы, имам рукуғтан басын көтеріп жатса немесе тәшәһһуд оқып отырса яки сәжде жасап жатса т.б.) ол рәкағатты имамның сәлемінен кейін өзінше өтеуі керек.

Имам рукуғта немесе сәждеде жатқанда кешігіп келген кісі әуелі тік тұрып намазды бастау үшін тартылатын тәкбірді алып, сосын рукуғқа немесе сәждеге барады.

Имам қиямда тұрғанда намазға қосылған кісі «Аллаһу әкбәр» деп құлақ қағады да ішінен сәнә дұғасын оқып, әрі қарай үндемей тұрады. Бұл жасырын оқылатын намаздарда. Ал имам намазды жәрия оқып тұрғанда қосылған кісі тек «Аллаһу әкбәр» деп құлақ қағып имамға ұйиды, сәнә дұғасын да оқымайды.

Имам рукуғта не сәждеде жатқанда қосылған кісі, егер рукуғқа не сәждеге үлгеретініне көзі жетсе, «Аллаһу әкбәр» деп құлақ қағып сәнә дұғасын іштей оқиды да рукуғта не сәждеде тұрған имамға ұйыды. Ал егер үлгере алмайтынтай болса, сәнәні оқымай қосылады.

Имам әттәхиятта отырған кезде ұйыған кісі әуелі намазға кіру тәкбірін алады да сәнә дұғасын оқымастан екінші рет «Аллаһу әкбәр» деп әттәхиятқа тез отырады.

Имаммен бірге соңғы отырыста ішінен тәшәһһуд дұғасын асықпай оқып, имамның сәлем беруін күтеді. Имам толық сәлем бермей жатып тұру – тәхриман мәкрүһ. Сондықтан да, толық сәлем бергенін күтеді. Имам сәлем бергеннен кейін "Аллаһу әкбәр" деп тұрып, ішінен "сәнә", "әғузу" және "бисмилланы" айтып әдеттегідей қырағатын орындайды.

Ал, тәшәһһуд отырысына келер болсақ:

Шам намазының үшінші рәкәғатына толығымен үлгерген кісі үш бастың екеуін жіберіп алды деген сөз. Имамның сәлемінен кейін тұрып, оқымаған екі рәкәғатының біріншісінде тәшәһһуд дұғасына отырады. Тәшәһһуд дұғасынан кейін екіншісіне тұрады. Біріншісінде тәшәһһудке отырмай тұрып кетсе, намаз соңында сәһу сәжде керек емес.

Шам намазының соңғы отырысына үлгерген кісі имам сәлем бергеннен кейін әдеттегідей ақшам намазының үш рәкәғатын да толық оқиды, тәшәһһүд отырысына екіншісі рәкәғаттан кейін отырады.

Төрт бас парыз намаздарының (бесін, екінті және құптан) соңғы рәкағатына, яғни төртіншісіне толығымен имамға үлгерген кісі  имамның сәлемінен кейін оқылмаған үш рәкәғаттың біріншісінде тәшәһһуд отырысына отырады.  Әттәхият дұғасынан кейін «Аллаһу әкбәр» деп тұрып, екіншісі мен үшіншісінорындағаннан кейін ғана соңғы тәшәһһуд, салауат және рәббәнәны айтып намазын сәлеммен бітіреді.

Төрт бас парыз намаздарының үшінші рәкағатында қиямда немесе рукуғда келіп қосылған кісі – екі ракағатын жіберіп алды деген сөз. Сәлемнен кейін үлгермей қалған екі ракағатын оқып, соңғы отырысқа отырады.[1]

[1] Ибн Нужәйм, Бахрур Раиқ, Бабуль Хадас фис Сала – 1/664 бет.; Фәтәуаль Хиндия, әл-Фасл филь Масбуқ уаль Лахиқ; Әл-Фиқһ аляль Мәзәһибиль арбаға – 1\398 бет.; O.N.Bilmen, Buyuk Islam Ilmihali, "Mesbuk".

Абдусамат Қасым