Мас адамның мешітке кіруіне бола ма?
Мас адамның мешітке кіруіне бола ма?
6 жыл бұрын 6527

Ассалаумағалейкүм! «Мас кісі мешітке кірем» десе не істейміз? Ғани.

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құран Кәрімде былай делінген: «Ей иман еткендер! Мас кездеріңде намазға жақындамаңдар. Не айтқандарыңды (не айтып, не қойғандарыңды) білгенге шейін (жақындамаңдар)»[1].

Тәпсір кітаптарына қарағанда аталмыш аяттағы «намазға жақындамаңдар» деген бұйрықты Ислам ғалымдарының бір сыпырасы «мешітке жақындамаңдар» деп түсініктеме жасаған. Осыған орай, не айтып, не қойғанын білмейтіндей мас адамның мешітке кіруіне болмайды деуге негіз бар. Өйткені, есін білмейтін адамнан кез-келген оғаш қылықтарды күтуге болады.

Ал, ішімдік ішкенімен ақыл-есі орында, өзінің күнәсінің парқына барып, Алла үйінде тәубе еткісі келгендер болуы мүмкін. Оларға мешітке кірудің ағаттығы болмас. 

Және айта кету керек, алкогольді ішімдіктерді ішу – ауыр күнә. О дүниеде оның жазасы ауыр. «Көп ішкенде мас ететіннің азы да харам» деген Пайғамбарымыз (с.а.у.). Жоғарыдағы аят болса, ішімдік харам болмай тұрғанда түскен тұғын. Алғашқыда әлгіндей намаз уақыттарында ішімдік ішуден тыйды. Одан соң, шараптың пайдасынан зияны көп екендігін ескертті. Үшіншіде, «шарап - нәжіс, шайтанның істерінен» деп түбегейлі харам етті. 

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 


[1] Ниса сүресі, 43 аят. 

Абдусамат Қасым