Жұма намазынан кейін «зуһри ахир» намазын оқу парыз ба?
Жұма намазынан кейін «зуһри ахир» намазын оқу парыз ба?
6 жыл бұрын 8363

Ассаламуғалейкум! «Ахир зуһур» намазы парыз ба? Жұма намазын оқып болған соң бесіннің парызын оқу керек па? Олжас.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Зуһри ахир» деп, жұма намазынан кейін бесін намазының парызын оқуды айтады. (Зуһр – бесін. Ахир – соңғы). Бұның үкімі – парыз емес, мұстахаб. Оқыған адамға сауап бар, оқымағанға күнә жоқ.

Бұл мәселенің төркіні «жұма намазы бір қаланың бірнеше жерінде оқыла ма, жоқ па? – деген пікірталаста жатыр. Ертеректе өмір сүрген алғашқы буын ғұламалардың көпшілігі бір қаладағы жұма намазы бір жерде оқылуы керек. Бірнеше жерде оқылған жағдайда қайсысы бірінші бастаған болса, сол жердегілердің жұмасы дұрыс, қалғандардікі есептелмейді деп пікірлеген. Өйткені, Пайғамбарымыздың заманында болсын, одан соң сахабалардың дәуірінде болсын, бір қаладағы мұсылмандар жұманы бір жерде оқитын. Осыған орай, алғашқы ғасырларда мешіттер «бес уақыттық мешіттер», мұны «мусаллаят» дейтін және «жұма намазы оқылатын мешіт» болып бөлінген. Біріншісінде, бес уақыт намаз жамағатпен оқылса, ал, жұманы міндетті түрде үлкен мешітке барып оқушы еді. Оны «жәәмиъ» деп атайтын.

Алайда, уақыт өте келе мұсылмандардың саны күрт көбейіп, барлығын бір мешітте жинау қиынға соқты. Халық көбейген соң қаланың аумағы да үлкейе түсті. Қаланың анау бұрышынан, мына бұрышына келу қиындады. Оның үстіне, халықтың көптігі себепті бір мешітке адамдар симай кетті. Осының салдарынан жұманың өзін бірнеше мешітте оқу зәрулігі туды.

Ханафи мәзхабында қабыл етілген пәтуа бойынша, қалада бірнеше мешітте жұманы оқуға рұқсат. Имам Сәрахси былай деген: «Әбу Ханифаның мәзхабы бойынша дұрысы – бір қалада екі не одан көп мешітте жұма намазының оқулуына рұқсат. Біз, осы пікірді аламыз». Сондықтан да, жұмадан кейін бесінді оқу шарт емес.  

Дегенмен, «бір жерде оқылуы тиіс» дейтін Ханафи ғалымдары да жоқ емес. Бұлардың пікірінше, бір қаланың бірнеше жерінде жұма оқылған жағдайда, қайсысы бірінші жұманы бастаған болса, солардың жұмасы дұрыс. Осыған орай, өзге мешіттегілер жұмадан кейін төрт рәкәғат бесін намазын оқып алғандары жөн[1].

Қорытындылай келе, жұма намазынан кейін «зухр ахир» оқу – шарт емес, «мәндуп» амалына жатады. Әсіресе, «жұмам есептелмей қала ма?» – деп, күмәнданған мұсылмандар күмәннан арылу үшін, өз бетінше "зуһр ахирді" оқып алғандары абзал. Бірақ, міндетті емес. Бүгінде көпшілік ғалымдардың пікірі де осыған саяды.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Ибн Ғабидин: Раддуль Мухтар – 5/28 бет. 

Абдусамат Қасым