Жолаушының намазына қатысты үш сұрақ (сұхбат)
Жолаушының намазына қатысты үш сұрақ (сұхбат)
8 жыл бұрын 8002

- Әссәләмуғалейкум! Құрметті Ұстаз, жолаушының намазына қатысты сұрақтарым бар еді. Егер, бір адамның басқа қалада үйі болса, ол жолаушы үкіміне кіре ме? Ол кісі сол қалада жұмыс істейтіндіктен, жиі-жиі барып тұрады. Мысалы, бір кісі Тараз қаласында туылып, сол қалада тұрып жатыр. Ол Алматыға жұмыс үшін келетіндіктен, сол қаладан үй сатып алған. Ендігі жерде, ол Алматыға келген уақытында, намазды толық оқи ма, әлде қысқартып оқи ма? Рақмет. 

- Уағалейкум әссәләм! Сұрағыңыздан түсінгенім бойынша, сіз  айтып отырған кісі Алматыға тек жұмыс бабымен барады екен. Ал, оның отбасымен бірге өмір кешіп жатқан негізгі тұрақты елді-мекені - Тараз қаласы. Ендеше, Алматыға келген уақытында жолаушы үкімінде болып, 15 күннен аз уақытқа барған жағдайда, намаздарын қысқартып оқиды. Ол жерде жеке-меншік үйінің болуы есепке алынбайды. (Бірақ, Алматыда екінші жанұясы тұратын болса, ол жағдайда  Алматыны да екінші «асли отан» ретінде санайды).

(*Әлдекімнің тұрақты елді-мекенін шариғатта - «асли отан» (уатануль асли), он бес күннен көп қалуды ұйғарған уақытша мекенді (ең аз 90 км. қашықтықтағы) «Уатанул Иқама», және он бес күннен аз уақыт қалуды ұйғарған жерді (ең аз 90 км. қашықтықтағы) «Уатанус Сукна» дейді. Әуелгі екеуінде мұсылман намазды толық оқиды. Соңғысында намазды қысқартып оқиды).

- Алла разы болсын. Демек, менің түсінгенім бойынша, адамның бір ғана «асли отаны» болуы тиіс екен. Және екі қалада екі бөлек үйі болса, екеуінің қайсысы «асли отан» («негізгі мекен») екендігін өзіне анықтап алуы тиіс, дұрыс па? Ол екі қаланың бірінде тұрақты (муқим), ал екіншісінде жеке-меншік үйі болса-дағы, «мүсәфир», яғни, жолаушы ретінде қалуы тиіс. Мен дұрыс түсіндім бе? Кешірім өтінемін, мен дәл осы мәселені соңына дейін түсінгім келеді...

 -  Иә. Негізінен алып қарағанда адамның бір ғана "асли отаны" болады. Тұрақты елді-мекені ретінде қай жерге тұрақтап, орнығуды ұйғарған болса, сол жері «асли отан» санатында.   

Бірақ, кейде, бірнеше «асли отан» болуы да мүмкін. Әуелгі сұрақтың жауабында ишара етіп кеткенімдей: Егер, екі қалада екі некелі жары өмір сүріп жатқан болса, ол адам үшін қаланың екеуі де «асли отан» үкімінде.  Екі қаланың қай-қайсысына барса да, намазды толық оқиды.  

- Көп, көп рақмет, ұстаз. Тағы сұрағым келіп тұрғаны: Менің енем бір баласымен Қордайда тұрады. Қалған балалары Алматыда тұрады. Енем кейде емделу үшін бізге келеді. Кейде жай қонаққа келеді. Бізге келгенде енеміз намазды қалай оқуы керек? Шындығында, ол өзінің ұлдарына келіп отыр!   

- Ол кісінің негізгі елді-мекені Қордай қаласы. Сондықтан сіздерге келгенде жолаушы үкімінде болады. Егер, сіздердің үйлеріңізде 15 күннен көп уақытқа қалуды ұйғарып жатса, намазды толық оқиды. Одан аз уақытқа келген жағдайда, төрт рәкәғатты парыз намазды екі рәкәғатқа қысқартады. Сүннет намаздарды қысқартпай, толық оқиды.  

-Түсінікті. Көп рақмет!  

Сауал жолдаушы: Фаризат Шарова (оқырман)

Жауап берген: Абдусамат Қасым