Имам намазда «раббәнә ләкәл хамд» дұғасын іштей айта ма?
Имам намазда «раббәнә ләкәл хамд» дұғасын іштей айта ма?
3 жыл бұрын 1722 minikkelebek.wordpress.com/

Әссәләмуғалейкум! Намазда имам «самиъаллаһу лимән хамида» деп айтқанда, жамағат та «самиъалланы» айтады мә, әлде тек «раббәнә ләкәл хамд» пен шектеледі ме? Дәурен

Уағалейкумсәләм, Дәурен! Бұл мәселені үш тұрғыда бөліп қарастырсақ болады:

1. Имамға қатысты. Намазда имам болған кісі рукуғтан бас көтеріп жатып, тек «сәмиъаллаһу лимән хамида»деп қана айтып тік тұрады, «раббәна ләкәл хамд» дұғасын айтпайды. Бұл - Ұлық Имам Әбу Ханифаның және Имам Мәликтің тұжырымы[1]. Өйткені, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «Имам (намазда) «Аллаһу әкбәр» дегенде сендер де  «Аллаһу әкбәр» деңдер. Ол «самиъаллаһу лимән хамидаһ» деген кезде, сендер «рәббәна ләкәл хәмд» деңдер!»,[2] – дей келе, «самиъалланы» имамға, ал «раббәнәні» ұйып тұрған жамағатқа тиесілі етіп тұр[3].

2. Жамағат. Имамға ұйып тұрған кісі тек «раббәнә ләкәл хамд» дұғасын ғана айтады[4]. Жоғарыда келтірілген хадисте айтылғандай: «...Ол «самиъаллаһу лимән хамидаһ» деген кезде, сендер «рәббәна ләкәл хәмд» деңдер!», - дей келе «самиъалланы» имамға, ал «раббәнәні» ұйып тұрған жамағатқа тиесілі етіп тұр.

3. Өз бетінше оқыған кісі. Жалғыз оқыған кісі аталмыш екі дұғаның екеуін де айтады. Дәлірек айтқанда, Рукуғдан бас көтеріп жатып «сәмиғаллаһу лимән хәмидаһ» дейді де, тік тұрғанда «раббәна ләкәл хамд» деп айтады[5].  Бұған дәлел Муслимнің хадистер жинағында келтірілген бір риуаятта сахаба Әбу Һурайра былай дейді:

  • «Алла елшісі (с.а.у) намазды бастағанда және рукуғқа барғанда «Аллаһу әкбәр» дейтін. Рукуғдан бас көтеріп жатып «сәмиъаллаһу лимән хамидәһ», ал тік тұрғанда «раббәнә ләкәл хамд» деді...»[6].

[1] Әл-Биная шархул Хидая – 2/227 бет.; Әбу Ханифаның екі шәкірті Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммедтың тұжырымы бойынша намазда имам болған кісі де «раббәнә ләкәл хамд» деп айтады.
[2] Әл-Мүстәдрак: «Китабуль Имәмә» - №810 хадис; Сахих Бухари: «Әбуәбу салатил жамаға уәл имәмә».
[3] Ибн әл-Һумам, шарху Фатхуль бари: «Бәбу сыффәтис сала» - 1/306 бет.
[4] Хидая: «Бәбу сыффатис сала»
[5]Ибн әл-Һумам, Шарху Фатхуль бари: «Бәбу сыффәтис сала» - 1/306 бет
[6] Сахих Муслим : Китабус-сала – 27 (392).

Абдусамат Қасым