Имам бесінші рәкәғатқа тұрып кетсе...
Имам бесінші рәкәғатқа тұрып кетсе...
2 ай бұрын 2468

Ассалаумағалейкум! Имамның артына ұйып тұрғанда қателігін байқасан не істеу керек? Мысалы, имам 4 рәкәғаттық намазда 5 рәкәғатқа тұрып кетсе, артынан тұру керек пе? Толығымен түсіндірсеңіз. Жандос.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Бұл мәселені екіге бөліп қарастырған жөн:

1) Имам соңғы отырысқа отырып, одан кейін қателесіп бесіншіге тұрса – бұл жағдайда арттағы жамағат тұрмай «әттахиятта» отырған күйі «сүбханаАллаһ» деп ескерту жасайды. Имам ескертуге құлақ асып, бірден қайта отырса, «аттахият» дұғасын оқымастан екі жаққа сәлем беріп намазды аяқтайды. Намаз дұрыс. 
Егер, ескертуге құлақ аспай, бесіншінің сәждесіне барып қойса, жамағат өз беттерінше екі жаққа сәлем беріп намаздарын аяқтайды. Ал, имам бесіншіге тағы бір рәкәғат қосып, соңында сәһу сәжде жасап, намазын бітіреді. Бұл айтқанымыз – имам соңғы отырысқа отырғаннан кейін артық рәкәғатқа тұрғанға қатысты. Ал соңғы отырысқа отырмай бесінші рәкәғатқа тұрса не істейді?  

2) Имам соңғы отырысқа отырмастан бесіншіге тұрып кетсе - бұл жағдайда да арттағы жамағат «сүбханаАлла» деп ескерту жасайды. Имам қателігін түсініп бірден соңғы отырысқа отырса, намаз дұрыс. Сәһу сәжде жасау керек. Ал, егер имам соңғы отырысқа отырмай бесіншінің сәждесіне барып қойса, бұл жағдайда бәрінің намазы бұзылады[1].


[1] Фәтәуә әл-Һиндия: 1/100 бет.

Абдусамат Қасым