Ханафи мәзхабындағы адамның басқа мәзхабтағы адамға ұюына бола ма?
Ханафи мәзхабындағы адамның басқа мәзхабтағы адамға ұюына бола ма?
2 ай бұрын 2027

Әбу ханифа мәзһабының басқа мәзһаб адамының артында намаз оқуына бола ма? Мақсұт.

Ханафи ғұламалары аталмыш мәселеге қатысты былайша пайымдаған:

Егер, өзге мәзхаб иесінің (мысалы, Шәфиғидің):

  1. Ханафи мәзхабына сай намаздың парыздары мен шарттарына, уәжіптері мен сүннеттеріне мұқияттылық танытатындығы білінсе, оған ұйып намаз оқудың еш ағаттығы жоқ.
  2. Намаздың парыздарын жасағанымен, намаздың Ханафи мәзхабына сай шарттарының біріне селқос қарайтындығы білінсе, мысалы, бір жері қанағанда дәрет алмауы т.б. – мұндайда оған ұюға болмайды.
  3. Егер намаздың парыздары мен шарттарына мұқияттылық танытқанымен, бірақ намаздың Ханафи мәзхабы бойынша уәжіп саналатын амалдарын тәрк ететіні білінсе, оған ұю -харамға жақын мәкруһ болмақ (тахриман мәкруһ).
  4. Ал, Намаздың ханафи мәзхабына сай парыздары мен шарттарын және уәжіптерін орындап, алайда намаздағы сүннет саналатын амалдарды тәрк етсе (мәкруһ істесе), мысалы, «әғузу» мен «бисмилланы» жария айтуы, рүкуғтан бас көтергенде қолды көтеруы т.б. – ондай жағдайда ұюға болады, «жеңіл мәкруһ».
  5. Ал аталмыш жайттарға мұқияттылық танытып-танытпайтындығы белгісіз болған жағдайда, оған ұюға болады, әйтсе де мәкруһ.

Осы орайда Ханафи ғалымдарының бір сыпырасы: «Намазды бұзатын әрекеттің бірі нақты орын алмаса (яғни, білінбесе), ұюдың мәкруһтігі жоқ» деп тұжырымдаған (әл-Хайруль Рамли).

Қорытынды:

Ханафи мәзхабында намаз бұзады деп саналатын бір әрекеттің орын алғандығы нақты білінбесе, өзге мәзхабтағы адамға ұю – әбес емес, намаз саналады, мұнда ғұламалар арасында талас жоқ. Талас – мәкруһ бола ма, жоқ па, сонда[1]. Кей ғалымдар ондайда ұю мәкруһ десе, кей ғалымдар мәкруһ емес деген. 

Ал нақты біліп тұрса, ұюға болмайды. Мысалы, мұрны қанаса да дәрет жаңартпай имамдыққа шыққанын көрсе т.б.  


[1] Ибн Ғабидин: Раддуль Мухтәр – 3/539-543 бет.

Абдусамат Қасым