Бараат түні хайызы келген әйел не істесе болады?
Бараат түні хайызы келген әйел не істесе болады?
7 ай бұрын 2711

Сәлеметсіз бе! Сізден сұрайын дегенім, Бараат түні кезінде етеккірі келіп қалса, түнде ұйықтамай дұғалар, сүрелер және истиғфар оқуға бола ма? Намаз оқуға болмайды ғой. Алдын ала рахмет. Махаббат.

Сәлеметсіз бе!

Құрметті сауал қоюшы, алдымен «Бараат» түнінің қасиетіне қысқаша тоқтала кетелік. Бараат түнінің қасиеттілігі жайында көптеген хадистер жеткен. Олардың дені әлсіз болғанымен, бәрі қосылып хасан дәрежесіне ұласады. Осыған орай атақты хадисші Мүбәрәкфури былай дейді: 

«Біліп қойғын. Шағбан айының ортасындағы түннің артықшылығы жайында (бараат түні) көптеген риуаяттар келген. Ол риуяттардың жиынтығы – ол түннің негізі бар екендігіне айғақ... Және осы хадистердің бәрі қосылып «Шағбанның ортасындағы түннің артықшылығына қатысты негіз жоқ» деп ойлайтындарға қарсы дәлел болмақ. Ең дұрысы – Аллаға мәлім»[1].  

Ендеше, Бараат түнінің артықшылығы жайында айтылған хадистерде не делінген? Әзіреті Әлиден риуаят етілген бір хадисте былай делінеді:

«Шағбан айының ортасы болғанда түнін ғибадатпен, ал күндізін оразамен өткізіңдер. Алла Тағала сол күні күн батқанда дүние аспанына түседі де былай дейді: «Менен кешірім тілейтін пенде бар ма, кешірім етейін? Менен ризық-несібе тілейтін пенде бар ма, ризығын арттырайын? Ауру-сырқауға шалдыққан бар ма, саулық берейін?» т.б. осылай таң атқанша жалғасады»[2]

Басқа бір хадисте:

«Шағбан айының ортасындағы түнде Алла Тағала жердегі халықтарға кешірім етеді, бірақ, серік қосушылар мен мұсылмандарға дұшпандық еткендерге емес»[3]

- делінген.

Бараат түні хайызы келген әйел не істесе болады?

Енді сауалыңызға келер болсақ, Хайызы келген әйел аталмыш қасиетті түні дәрет алып, намаз оқитын жеріне жайнамазын жайып, отырып мына құлшылық түрлерін орындауына болады:

1. Таспихат тарту (жүз реттен - сүбханаллаһ, әлхамдулиллах, Аллаһу әкбар, лә иләһә иллаллаһ)

2. Жетпіс мәрте истиғфар айту (бір риуаятта былай делінеді: «хайызы келген әйел әр намаз уақытысында жетпіс мәрте истиғфар айтса, мың рәкәғат намаздың сауабы жазылады»)[4].  

3. Жүз мәрте Пайғамбарымызға салауат айту («Аллаһумма салли аля саиидина Мұхаммед» т.б.)

4. Дұғалар оқу (Дұға кітаптарынан не болмаса жадындағы)

5. Қол жайып өз тілінде Алладан қалаған нәрселерін сұрау. 

6. Құран тыңдау (Хайызды кезде Құран тыңдауға болады).

7. Діни кітаптар оқу (Ілім үйрену де құлшылық).

Ал, хайыз кезінде намаз оқуға, Құран оқуға, Құран кітабын ұстауға, жазылған аяттарға қол тигізуге, мешітке кіруге, ораза ұстауға тыйым салынады. Дұға мазмұндас Құран аяттарын дұға ретінде айтуға рұқсат (мысалы, «раббәна әтина» дұғасы, фатиханы т.б.)

Ескерту: Бараат түні - биылғы жылы (2019) сəуірдің 19-нан 20-на қараған түн. 

Алла құлшылықтарыңызды қабыл етсін! 


[1] Түхфәтуль Әхуизи. №739 хадис түсіндірмесі.
[2] Ибн Мәжә. Сүнән. әлсіз. Әзіреті Әлиден жеткен.
[3] абарани. Ибн Мәжә. хасан хадис.
[4] Фәтәуә Тәтәрхания. 

Абдусамат Қасым