Азан айтқанда «Намазды үйлеріңде оқыңдар!» деген сөзді қосып айту шариғатта бар ма? Және жұма намазы неге тоқтатылды?
Азан айтқанда «Намазды үйлеріңде оқыңдар!» деген сөзді қосып айту шариғатта бар ма? Және жұма намазы неге тоқтатылды?
4 ай бұрын 4158

Ассаламуғалейкум! «Youtube» каналында Азан айтқанда «намазды үйде оқыңдар» деген сөздер қосып айтқандығы видеода жүр. Қаншалықты дұрыс? 
Жұма намазының тоқтатылуының шариғи негізі бар ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Кейбір қысыл-таяң жағдайда азан сөзіне "Намазды үйлеріңде оқыңдар" деген сөзді қосып айту үрдісі шариғатта бар. «Сахих Бұхари» атты хадистер жинағында келтірілген риуаятта табиғин ғалым Мұхаммед ибн Сирин былай әңгімелейді:

«Сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.у.) жаңбырлы күні өзінің азаншысына: «Азанның әшһәду әннә Мұхаммәдәр Расулуллаһ деген жерін айтқаннан соң «Хайя ъаляссалаһ» (намазға келіңдер) сөзін айтпа. Оның орнына «Саллу фий бүютикум» (намазды үйлеріңде оқыңдар) деп айтқын» деді. Халық оның бұл ісін ерсі көріп, жақтырмады. Сонда Абдулла ибн Аббас оларға: «Осыған таң қалып тұрсыңдар ма? Шынында, мұны менен де абзал жан, яғни, Алланың елшісі кезінде жасаған-тұғын. Жұма намазы – ъазимет болып табылады (яғни, қиын-қыстау кезде «рұқсат» үкімін алады). Мен сендерді қиын жағдайға қалдырғым келмей: балшықпен, батпаққа батып келулеріңді хош көрмедім», - деп айтты», - дейді Ибн Сирин[1].

Сондай-ақ, риуаяттарға қарағанда сахаба Абдулла ибн Омар да «Дожнан» тауында азан шақырып, артынан: «Намазды шатырларыңда оқыңдар!» - дейді де, оның себебін былай түсіндірген: «Бізге жеткен хабар бойынша,  Алла елшісі (с.а.у.) сапарда суық түндері немесе жаңбырлы түндері азаншыға азан айтқызып, артынан «Намазды шатырларыңда оқыңдар» деп айтқан»[2].

Ендеше, кейбір араб елдеріндегі мешіттердегі азаншы азан сөзіне "намазды үйлеріңде оқыңдар" деп қосып айтуының төркіні осында жатыр.

Бұл сөзді азаншы қандай жағдайларда айтады?

Қатты боран-шашында, ауа-райы қатты суытып кеткен кезде, қатты жауын жауып, дауыл тұрғанда азаншы азанға «Намазды үйлеріңде оқыңдар» деген сөзді қосып айтуына болады. Бұлай айту төрт мәзхабта да рұқсат етілген. Тек, Ханафи мәзхабында ол сөз азан айтып болғаннан кейін соңында айтылады[3].

Осы орайда, жұма намазына баруды уақытша тоқтатудың шариғи негізі бар ма? - деп те сұрап жататын оқырмандар бар. Бұған айтарымыз, төрт мәзхаб ғұламаларының тоқтамы бойынша қатты жаңбыр жауып, қатты дауыл тұрып тұрғанда немесе ауа райының тым қатты суытуы себепті жұмаға бармауға рұқсат етілген. Мысалы, Ханафи ғалымы Ибн Нүжәйм былай дейді:

«Фәтхуль қадир кітабындағы мәліметте: «Қатты жаңбыр мен залым сұлтаннан жасырыну – жұманың міндеттілігін түсіреді» делінген, яғни, ол жағдай жұмаға бару парыздығын мойнынан түсіреді дегендік болмақ»[4]. 

Ал, енді, қатты боран-шашынды күндердің өзінде жұмаға бару міндеті түсетін болса, бүгінде күн тәртібіндегі індет себепті жұма намазының уақытша тоқтатылуы заңды құбылыс. 

Олай болса, індеттің жайылуының алдын алу мақсатында мешіттердегі жұма намазын уақытша тоқтату шешімі, ең әуелі Пайғамбарымыздың ісінен, одан соң ескілікті ғалымдардың пәтуаларынан бастау алатындығын айтуға болады.  Оның үстіне, фиқһ ғылымында: "درء المفاسد أولى من جلب المصالح" (дүр-үль-мәфәсид әулә мин жәлбиль мәсолих) - деген қағида бар. Оның мағынасы: "Жамандықты алыстату - жақсылықты жақындатудан артық (немесе ең әуелі орындалады)".


[1] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари» - Жаңбырлы күні жұмаға келмеудің рұқсаттығы тарауы.
[2] Имам  Бұхари: «Сахих Бұхари» - №632.
[3] Әт-Тәһәнәуи: «Иълә-ус Сүннә» - әл-Кәләм филь Әзән. 2/151 бет.
[4] Ибн Нүжәйм: «әл-Бәхрур Раиқ».

Абдусамат Қасым