Ата-анам намазыма қарсы, не істеймін?
Ата-анам намазыма қарсы, не істеймін?
3 жыл бұрын 1395

Сәлеметсіз бе? Намаз оқуға ниетім бар. Бірақ ата-анам қарсы болған жағдайда не істеуге болады? Ақыл, кеңес берсеңіз екен! Мәлик А.

Ассаламуғалейкум!  Ата-анам намаз оқуыма қарсы. Мұндай жағдайда мен не істей аламын?  Шоқан.

Сәлеметсіз бе? Хиджаб киюге ата-анам қарсы. Бірақ мен Алланың бұйрығы болғандықтан кигім келеді. Ата-анамның пікірін назарға алмай, шариғат бойынша орамал тақсам, күнә емес пе? Ата-анаға қарсы келген болмаймын ба? С.

Уағалейкумуссалам! Ата-ананың разылығын алу, оларға деген құрмет көрсету, қарсы шықпау дініміздің басты бұйрықтарының бірі екені баршамызға мәлім. Көптеген Құран аяттары мен хадистерде ата-анаға жақсы мәміле жасау жайында айтылады.    

Дегенмен, олар кейде пендешілікке беріліп бізді шариғатқа теріс келетін әрекеттерге итермелеп, күнә істерге шақыруы мүмкін, мүндай жағдайларда ата-анамызға бағынбауымызға дініміз рұқсат береді.

Ендеше, ата-анаңыз намаз, ораза сияқты дін негіздерін орындауға қарсы шықса, мұнысына құлақ аспауыңыз күнә саналмайды.  

Бірақ,  бұл «ата-анаға дөрекі мінез көрсетіп яки араздасып, олардан безіп кетуіміз керек» деген сөз емес. Керісінше, майдалап, жұмсақ түсіндіруге тырысуымыз тиіс. Алда-жалда көнбей жатқан күннің өзінде сый-құрметімізді аямауымыз ләзім! Алла тағала бұл жайында былай дейді:

  • «Егер ата-анаң білмейтін нәрсеңді – Маған серік қосуға зорласа, оларға бағынба! (Дегенмен) Олармен бұл дүниеде жақсы қарым-қатынаста бол!..»[1]

[1] Лұқман сүресі – №15 аят.

Абдусамат Қасым