Зәмзәм суымен дәрет алуға бола ма?
Зәмзәм суымен дәрет алуға бола ма?
17 күн бұрын 1132

Саламатсыз ба! Сізден сұрайын дегенім, зәмзәм суымен толық дәрет алуға бола ма? Гүлжанат

Сәлеметсіз бе, Гүлжанат!

Деректерге қарағанда, зәмзәм суымен сырт дәрет алудың және онымен ғұсыл құйынудың күнәсі жоқ. Ислам ғұламаларының басым көпшілігінің тоқтамы осы. Әзіреті Әлиден жеткен риуаятта былай делінеді:

«Алла елшісі (с.а.у.) шелекпен зәмзәм суын алдыртып, одан ішті де, (сырт) дәрет алды»[1].  

Бірақ зәмзәм суымен іш дәрет алуға және денедегі не киімдегі нәжістерді жууға болмайды. Олай ету - харамға жақын мәкруһ.

Бұған қатысты Ханафи ғалымдары былай дейді:

 يُكْرَهُ الِاسْتِنْجَاءُ بِمَاءِ زَمْزَمَ لَا الِاغْتِسَالُ.

«Зәмзәм суымен іш дәрет алу – мәкруһ болады, бірақ шомылу мәкруһ емес».

وَكَذَا إزَالَةُ النَّجَاسَةِ الْحَقِيقِيَّةِ مِنْ ثَوْبِهِ أَوْ بَدَنِهِ، حَتَّى ذَكَرَ بَعْضُ الْعُلَمَاءِ تَحْرِيمَ ذَلِكَ

«Сондай-ақ, киіміндегі немесе денесіндегі (зәр, қан, ірің сияқты) «ақиқи нәжістерді» кетіру үшін қолдану да мәкруһ. Тіпті, кейбір ғұламалар мұны харам деген»[2], - дейді ғалымдар (рахимаһумуллаһ).

Имам Нәуәуи де бұл жайында былай деп пікір білдірген:

«Зәмзәм суымен тазаланудың ағаттығы жоқ. Алайда, онымен нәжісті кетірмеген абзал»[3].

Өйткені зәмзәм суы - берекетті, қазақша айтқанда қасиетті су. Онымен іш дәрет алып, не болмаса, нәжістерді жуып, қор қылмау керек.

Осы орайда, зәмзәм суымен мәйітті жууға бола ма? – деген де сауал ойға оралады, оған байланысты ғалымдарымыз: "мәйітті бастапқыда басқа сумен жуып, одан кейін зәмзәм суымен теберік болсын деген мақсатта шайса болады" деп тұжырымдаған[4].

 


[1] Имам Ахмад: Мүснәд; Имам Шәукәни: Нилуль Әутар.
[2] Ибн Ғабидин: Раддуль Мұхтәр. 4/52 бет.
[3] Тухфәтуль Мухтаж, бишархиль минһәж.
[4] Әл-Мәсуғатуль Фиқһия. 1/91 бет.

Абдусамат Қасым