Науқас кезінде ғұсыл алмай, орнына «таяммум» соғуға рұқсат па?
Науқас кезінде ғұсыл алмай, орнына «таяммум» соғуға рұқсат па?
11 күн бұрын 1698

Ассаламуғалейкум уә рохмәтулаһи уа бәрвкәтуһ!  Адам науқас кезінде жүніп болып калса тәяммум алса рұқсат па? Ғұсыл алу денсаулыққа зиян болып тұрса, жүніптіліктен арылу үшін таяммүм алып, ал намазға тұрарда дәрет алса бола ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, Алла Тағала Құран Кәрімде: «Егер науқас болсаңдар...»[1], - дей келе, науқас кезде таяммум соғуға рұқсат берген. Осыған орай, Ханафи ғалымдары: «Сырқат адам дәрет ала алмаса немесе ғұсыл құйына алмаса, таяммум соғуына рұқсат», - деген. Сондай-ақ, ғалымдар былай дейді: «Су қолданудан сырқаты артып кетеді деп қауіптенген жанға да таяммум соғуына рұқсат»[2].

Ендеше, сырқаттанып қалған адамның ғұсылы бұзылып, ғұсыл құйынған жағдайда сырқаты артып кетеді деп қорықса немесе жазылуы баяулайды деп қауіптенсе, ғұсыл үшін таяммум соғып, артынан дәретті сумен ала беруіне болады. Осы орайда, әр намазда ғұсыл үшін таяммумын жаңартып тұруы шарт емес, ғұсыл үшін алынған таяммумы - үзір (себеп) жойылғанша жарай береді. 


[1] Құран Кәрім: «Ниса» сүресі, 43 аят.
[2] Имам Сәрахси: «әл-Мәбсут». 1 том. 112 бет.

Абдусамат Қасым