Күннің қызуымен жылыған суға дәрет алуға бола ма?
Күннің қызуымен жылыған суға дәрет алуға бола ма?
8 жыл бұрын 36635

 Әссәләмуғалейкум уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Сіздерге қоятын саулым бар еді: Күнде жылынған сумен дәрет алуға бола ма? Екінші сауалым: Өтелмей қалған (науқастанып) екі күндік намаздың орнын толтыру үшін нәпіл намаз оқыса бола ма? Әлде, қазасын өтеу керек пе?  

Әсел

Уағалейкум әссәләм уа рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ханафи мәзхабы мен Шафиғи мәзхабында күнге жылынған сумен дәрет алу «жеңіл мәкрүһ»[1]. Яғни, оны қолданбаған адамға сауап бар, қолданған кісіге күнә жоқ[2]. «Мәкрүһ» санаймайтын ғалымдар да баршылық. 

Өйткені, аталған үкімге арқау бола алатын тек бір риуаятты атауға болады. Ол рияуаятта Әзіреті Омар: «Күнге жылынған сумен жуынбаңдар. Шынында ол – алапес ауруын тудырады», - деген екен. Сахаба сөзі кейбір беделді хадисшілер тарапынан «қуатты» деп есептелген[3].   

Ал, одан басқа осы мәселе төңірегінде Айша анамыздан риуаят етілген хадис «тым әлсіз» деп танылып, негізсіз саналған[4]. Ханафи ғұламасы, хадисші әрі фиқһшы Имам Зайлағи (рахимаһуллаһ) «Насбур риуая» атты еңбегінде бұл хадистің Айша анамыздан бес түрлі жолмен жеткендігін айтады. Алайда, бесеуінің де «тым әлсіз» екендігін сол жерде ашық көрсетіп өтеді[5].

Сондықтан да, ондай суды қолданбау абзал болғанымен, қолданған кісіге де күнә жазылмайтындығын ескерген жөн. Яғни, "жеңіл мәкруһ". Онда да, мыс, темір, қола т.б. металдан жасалған ыдыста жылытылған болса ғана жеңіл мәкруһ, ал, одан басқа пластмас т.б. ыдыстарда жылыған сулар мүлдем мәкрүһ емес. Сондай-ақ, "мәкрүһ" болуы - Хижаз секілді аптап ыстық боп тұратын жерлерге қатысты. Біздегідей аса қатты ыстық емес аймақтағыларға қатысы жоқ.  

Бұнымен қатар, кейбір мәзхаб ғалымдарының «бұл – шариғи пәтуа емес, тыбби  (медициналық) пәтуа» деген сөздерін назарға алар болсақ[6], бұл мәселеде медициналық зерттеу нәтижесіне үңіліп, соған қарай белгілі бір тоқтамға келген жөн десек те қателеспеспіз. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

Екінші сұрағыңыздың жауабы - екі күн бойы оқи алмаған намаздарыңыздың қазасын өтеу керексіз. Қаза болған намаздардың өтемі тек, қазасын оқу арқылы ғана жүзеге асады.


[1] Ибн Ғабидин: Раддуль Мухтар – 1/602 бет.
[2] Абдул Ғаффар: Шарху мутуни Әби Шүжағ.
[3] Ибн Хажар әл-Асқаләни: Тәлхис – Китабут тахарат.
[4] Аталмыш риуаятта, Әзіреті Айша Пайғамбарымызға (с.а.у.) арнайы суды күнге жылытады. Оны көрген Алла елшісі: «Уә, Хумайра. Олай істеме. Шынында ол – алапес ауруын туғызады», - деген екен. Даруқутни – 83/3.; Алиуль Қари – Мирқат.
[5] Имам Зайлағи, Насбур риуая. Китабут тахара.
[6] Хашияту Дусуқи, «Бәбу Әхкәмит Тахарати». 

Абдусамат Қасым