Киімге таяммум соғуға бола ма?
Киімге таяммум соғуға бола ма?
19 күн бұрын 1201

Ассаламуалейкум! Киімге таяммум соқса бола ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Киімнің өзі жер жынысына жатпайтындықтан, таяммум соғуға жарамсыз заттар қатарынан. Алайда, киім шаң-тозаңды болып, қолды соққанда қолға шаң-тозаң жұғатын болса, сол шаңмен таяммум жасауға рұқсат. Тіпті киімді шаңын шығарып қағып, кейін ауаға көтерілген шаңына қолды созғанда қолға жұқса, сол шаңмен таяммум жасала береді. Қолға шаң жұқпаса жасалмайды.

«Шаң-тозаңға таяммум соғудың жолы: екі қолды киімге немесе киізге, яки жастыққа не т.б. соған ұқсас үстінде шаң-тозаңы бар таза заттарға соғады, егер екі қолға шаң жұқса, сонымен таяммум жасайды. Немесе киімін шаңы шыққанша қағып (сілкіп), ауадағы (содан шыққан) шаңға қолын көтергенде қолына шаң жұқса, сонымен де (бетті, кейін қолды сипап) таяммум жасай береді. «Мухит» кітабында солай делінген» - дейді «Фәтәуә әл-Һиндия» атты Ханафи пәтуа жинағында[1].     

Сондай-ақ аталмыш кітапта былай делінген:

«Егер жолаушы кісі батпақты жерде жүріп, дәрет алатын су таба алмаса, не (құрғақ) топырақ таба алмаса және де не киімінде, не тоқымында шаң-тозаң болмаса, онда киімінің не денесінің бір жеріне батпақ жағып, ол кепкеннен кейін соған таяммум соғады»[2].


[1] Әл-Фәтәуә әл-Һиндия. 1/30 бет.
[2] Әл-Фәтәуә әл-Һиндия. 1/31 бет.

Абдусамат Қасым