Дәретсіз кезде қолғап киіп, Құран кітабын оқыса бола ма?
Дәретсіз кезде қолғап киіп, Құран кітабын оқыса бола ма?
10 жыл бұрын 19550

Сәлеметсіз бе! Дәретсіз адам қолға қолғап (перчатка) киіп құран ұстап, оқыса бола ма? Рахмет. Аллаһ разы болсын! Гүлім.

Сәлеметсіз бе, Гүлім ханым! Әуелі мынаны біліп алған жөн. Ғұсылы жоқ кісі - Құранды ұстай да, ауызша оқи да алмайды. Ал дәреті жоқ кісі - Құранды ұстауына болмағанымен, ауызша оқуына рұқсат[1].

Енді сіздің сұрағыңызға келер болсақ, төрт мәзһабтың төртеуінде де, ғұсылсыз немесе дәретсіз Құранды ұстауға болмайды[2]. Өйткені Құранда: «Оны тек тазаланғандар ғана ұстайды» делінеді. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) Йемен халқына жолдаған хатында: «Құранды тек тазаланып ұстасын!»[3]  деп бұйырған.  

Ханафи мен Ханбали мәзхабтары бойынша  Құранды, онымен тұтаспаған бөлек тыс арқылы дәретсіз немесе ғұсылсыз ұстауға рұқсат[4]. Мысалы: футляр, мата, қағаз т.б.

Сондай-ақ, Ханафи ғалымдарының көпшілігі: «Үстіндегі киюлі тұрған киімнің қандай да бір шетімен ұстауға болмайды[5]. Өйткені үстіндегі киюлі киімі де денесі іспетті[6]. Сондықтан, дәреті не ғұсылы жоқ кісі үшін үстіндегі киімінің жеңімен де Құранды ұстауы – (харамға жақын) мәкрүһ[7]» дейді.

Осы тұжырымдарды қорыта келе айтарымыз: «Қолғаппен дәретсіз Құранды ұстау дұрыс емес. Өйткені, қолыңызға киюлі қолғабыңыз да қолыңыз іспетті.

Ал, мәселен: жерде жатқан құранды төбеге көтеріп қою; дүкеннен Құран сатып алу сияқты зәру жағдайларда қиіп алған қолғабымен (мысалы қыс мезгілінде) немесе жеңімен ұстауының ағаттығы болмас. Себебі «Құранды қолдың жеңімен немесе шапанының етегімен дәретсіз не ғұсылсыз ұстай беруге болады. Өйткені бұл мәселедегі тыйым - ол  ешқандай дәнекерсіз, тікелей қолмен ұстау болып табылады»  дейтін Ханафи ғалымдары да жоқ емес[8].

[1] Әбу Дәуід: Китабут Тахарат –фил жүнүб яқраул Құран – 229 хадис; Тирмизи – 146; Нәсәи – 265.
[2] Бидаятуль мужтахид – 39 бет; ән-Нәуәуи, Раузатут талибин – 1/80 бет; ибн әл-Қудама, әл-муғни – 1/137 бет.
[3] Даруқутни - №433 хадис.
[4] Әл-Жәуһара – 50 бет.; Құранға желімделіп (клейленіп) немесе тігіліп, онымен тұтасқан сыртқы қабы да Құран кітабына тән болғандықтан, дәретсіз ұсталынбайды. Ал онымен тұтаспаған бөлек қабы арқылы дәретсіз немесе ғұсылсыз кісіге ұстауға рұқсат.
[5] Фәтәуа әл-Һиндия – 1/43 бет;
[6] Әл-Бахрур Раиқ – 1/350 бет, (Хашиясы).
[7] Әл-Хидая және оның шархы әл-Биная-1/652 бет; әл-Бахрур Раиқ – 1/350 бет;
[8] Әл-Мухытул Бурһани фил фиқһи ән-Нұғмани – 1/77 бет.

Абдусамат Қасым