Дәрет алғанда жуылған жер кеппей тұрып, екінші ағзаны жуып үлгеру шарт па?
Дәрет алғанда жуылған жер кеппей тұрып, екінші ағзаны жуып үлгеру шарт па?
5 жыл бұрын 6345

Дәрет алғанда жуылған жер кеуіп кетсе, дәрет бұзылады дейді. Жуылған ағза кеппей тұрып, екінші ағзаны жуып үлгеру шарт па?

Дәретте «әл-Уилә» (الوِلاء ) деген термин бар. Оның мағынасы: дәретте жуылған жер кеуіп қалатындай уақыт үзіліс берместен жуылуы керек ағзаларды бірінен соң бірін жуып отыру дегенді білдіреді. Мысалы, бетті жуып, бес-он минуттан кейін қолды жуса, арада үзіліс жасалғандықтан «әл-Уилә» үкімі жүзеге аспады деген сөз.

Сауалдағы «жуылған жер кеппей тұрып, келесісін жуу керек» деген сөздің төркіні осында жатыр.

Дегенмен, ол нәрсе Ханафи мәзхабында шарт емес, сүннет амалға жатады. Сондықтан да, дәрет алу барысында жуылған ағза кеуіп қалатындай арада үзіліс орын алса да дәретті жалғастырып алуына рұқсат. Мысалы, дәрет алу барысында бет пен қолды жуғаннан соң сүлгімен сүртіп, әрі қарай басқа мəсих, одан соң аяқты жуып жалғастыра беруіне болады. Немесе бетті жуып, біраздан кейін келіп, қалған жерлерін жуса, дәреті саналады. Бастысы, сол арада дәрет бұзатын жағдайлардың бірі орын алмаған болуы керек. Әйтсе де, дəреттің толықтай сүннетке сай болғаны абзал. 

Ал оны, яғни бір ағза кеппей тұрып, келесісін жууды (әл-уиләні) дәреттің шарты дейтіндер - Мәлики мәзхабындағы ғалымдар. Мәлики мәзхабы бойынша, әл-Уилә жүзеге аспаған жағдайда, дәретті қайта алу ләзім[1].


[1] Шархуль Уиқоя - 2/24 бет. 

Абдусамат Қасым