Татуаж жасату мен пластикалық операцияға қатысты үш сұрақ
Татуаж жасату мен пластикалық операцияға қатысты үш сұрақ
8 жыл бұрын 22252

- Пластикалық ота жасату үлкен күнәлардың бірі болып саналады ма? Оған қатысты Құранда баяндалған аят, пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) қалған қандай бір өсиет сөздер бар ма? Оны жасатқандардың жазасы қалай болмақ?

-Тек әсемдік үшін немесе табиғи кәрілікті жасыру мақсатында пластикалық операция жасату «құдайдың жаратқанын өзгерту» болып есептелетіндіктен, шариғатта күнә. Сахаба Абдулла ибн Мәсғуд: «Мен пайғамбарымыздың қастарын тергізген әйелдер мен әсемдік үшін тістерінің арасын егеулеп ашып, Алланың жаратқанын өзгерткен әйелдерге лағынет айтқанын естідім», - деген[1].

Осы хадисте «әсемдік үшін» делініп тұр. Ендеше, ешқандай ақауы жоқ, сап-сау түрін өзінің қалауына сай әдемілеу мақсатында, яки, кәрілікті жасыру ниетімен пластикалық операция жасату  Алланың қахарын туғызатын әрекет. Сондай-ақ, бұл - шайтанның уәсуәсі, азғыруы.  Шайтанның азғыруы деуімнің себебі, шайтан адам баласын азғыратынын айта келе: «оларға, Алланың жаратқанын өзгертуді бұйырамын»[2],  деп серт еткен.  

- Ал табиғи кемістікті жою үшін аталмыш операцияға жүгінуге бола ма? Айталық: қоян жырық, екі қол,  өз жасынан тым ерте қартаю кеселі (Нұржан Өркешбаев секілді), апатты жағдайларда пайда болған үлкен тыртықтарды жою т.б. мәжбүр жағдайларда ота жасатса да күнә ма?   

- Өзіңіз айтып отырғандай, мәжбүрлік жағдайларда пластикалық операция жасатуға рұқсат. Ардақты Пайғамабарымыздың (с.а.у.) өзі соғыс майданында мұрнынан айрылған Урфажа (р.а.) есімді сахабаға алғашқыда күмістен, кейін алтыннан мұрын салуға рұқсат еткен[3]. Осыған қарап қазіргі Ислам ғалымдары аса қажетті жағдайларда, айталық, күйіктен, ауыр жарақаттан қалған беттегі жағымсыз тыртықтарды кетіру немесе денеде пайда болған артық ағзаларды алып тастау секілді мәжбүр жағдайларда ғана пластикалық операцияға рұқсат етіледі деген тоқтамға келген.

-Татуаж жасату да пластикалық операцияның бір тармағы десек болады. Бұл да күнә ма?

- Татуаж – ұзақ сақталатын жасанды макияж. Терінің арасына белгілі бояуларды енгізіп, макияждың 4-5 жылға сақталуын қамтамасыз етеді. Тіпті, татуажбен көздің қабағына, ерінге, қасқа қалаған пішін беріп, қалаған түске өзгертуге болады дейді. Бір сөзбен айтқанда, өзінің табиғи түр-әлпетіне көңілі толмай жүрген нәзік жандылар татуаждың көмегімен бір пәсте аруға айналатынға ұқсайды.

Әрине, бұның да өзіндік зиянды жақтары  жоқ емес. Дегенмен, біз, бірден шариғаттағы үкіміне  көшелік.

Біріншіден, татуаж инесі бар белгілі құрал арқылы жасалады. Осы тұрғыдан қарағанда оны «татуировкамен» салыстыруға болады. Татуировка – шариғатта харам. Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: : «Алла тағала денеге сурет салғандарды да (уәшимәт), салғызғандарды да (мүстәушимәт) лағнет етті...»[4], – деген. Хадистегі «уәшм» сөзі дененің қайсы бір жерін иненің көмегімен тесіп, қан шықаннан кейін сүрмемен бояуды білдіреді[5].

Екіншіден, татуаж – адамның табиғи түр-әлпетін ұзақ мерзімге көрер-көзден жасыруын қамтамасыз етеді. Осы тұрғыдан да көзбояушылыққа жетелеп тұр. Жазбамыздың басында келтірілген хадисте Пайғамбаырмыздың «...әсемдік үшін тістерінің арасын егелеп ашып, Алланың жаратқанын өзгерткен...» деген жері бар. Хадистің түсіндірмесіне қарағанда, ертеректе егде тартқан әйел өзін жас көрсету мақсатында алдыңғы тістерінің арасын егеулеп, ашқызатын болған. Осылайша, ол әйел өзін жас көрсеткені үшін әрі Алланың жаратқан табиғи жаратылысын еш себепсіз өзгерткені үшін лағынетке дұшар болуда.

Ескерте кететін жәйіт: татуаж бен әдеттегі (өзінің еріне, яғни күйеуіне әдемі көріну мақсатында) қолданылатын косметиканы бірдей көрмеу керек. Жағылған косметиканың уақыты тым қысқа. Әрі ондағы бояу терісінің арасына емес, құр беткі жағына жағылады. Сондықтан да, екеуінің үкімі екі түрлі.

Ең дұрысы – Аллаға аян!

 Абдусамат Қасым
Сұхбаттасқан Айнұр Ермаxанова
 («Жастар үні» журналы)


[1] Сахих Бухари; Сахих Муслим
[2] Ниса сүресі – 119 аят.
[3]Тирмизи, Либас -31.;  Diyanet Ilimhali, 2-том, 83 бет.;  
[4] Сахих Муслим, «Китабул Либәс» – 3666.
[5] Имам ән-Нәуәуи: Сахих Мүслимге жазған шархы. №2125 хадистің түсіндірмес.