«Сиырдың еті кесел тудырады» дейтін хадисті қалай түсінуге болады?
«Сиырдың еті кесел тудырады» дейтін хадисті қалай түсінуге болады?
5 жыл бұрын 9491

«Сиырдың сүті – шипа, майы – ем, ал еті – кесел» дейтін хадис бар екен. Бұл хадис дұрыс па? Қуат.

Ондай хадистің бары рас. Имам Табаранидің хадистер жинағында риуат етілген хадисте былай делінген:

"أَلْبَانُهَا شِفَاءٌ، وَسَمْنُهَا دَوَاءٌ، وَلَحْمُهَا دَاءٌ"

«Сиырдың сүті – шипа. Майы – ем. Еті – кесел».[1]  

Сондай риуаяттың бірі сахаба Абдулла ибн Мәсғуттан да жеткен. Ол хадисте Алла елшісі былай деген екен:

عَلَيْكُمْ بِأَلْبَانِ الْبَقَرِ وَسُمْنَانِهَا ، وَإِيَّاكُمْ وَلُحُومَهَا ، فَإِنَّ أَلْبَانَهَا وَسُمْنَانَهَا دَوَاءٌ وَشِفَاءٌ ، وَلُحُومُهَا دَاءٌ

«Сиырдың сүті мен майын пайдаланыңдар. Етінен сақтаныңдар. Шынында, сүттері мен майлары – ем, ал еттері – кесел»[2].

Аталмыш хадисті қалай түсінуге болады?

Алдымен мына нәрсені айтып өтуіміз керек: Сиыр малының адал екендігінде күмән жоқ. Құран Кәрімде де, хадис шарифте де сиыр етінің халал екендігі ашық айтылған. Ешбір Ислам ғалымы оған шек келтірмеген. Мұнда ижма бар.  

Олай болса, неге Пайғамбар (ғалейһиссәләм) «сиыр еті кесел тудырады» деп отыр?

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ол сөзін - сиыр етін шамадан тыс көп мөлшерде қолдануға қатысты айтылған деп жорамалдауға болады. Өйткені, қазіргі таңда сиыр етін көп мөлшерде қолданған жағдайда кейбір сырқаттықтардың пайда болатындығы анықталған. Мәселен, диетолог мамандардың айтуынша, сиыр етін шамадан тыс қолдану – адамның иммунитетін төмендетіп, холестерин деңгейінің көтерілуіне алып келеді екен. Сондай-ақ, оны шамадан тыс пайдалану - жүрек-қан тамыры аурулары мен бүйрек және бауыр ауруларын да тудыруы ықтимал дейді. Бүгінде дұрыс тамақтану саласының мамандары сиыр етін аптасына 2-3 мәртеден көп қолданбауды кеңес етеді. 

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 


[1] Имам Табарани: әл-Муъжамуль Кәбир. №79. («Сәнәдта» бір әйелдің есімі аталмағаны болмаса, қалған жеткізуші риуаятшылар сиқа» делінген).
[2] Әл-Хаким: әл-Мүстәдрак. 
(Мәліметтерге сүйенсек, жоғарыда келтірілген хадистерді кей хадисші ғалымдар «әлсіз хадис» десе, кей хадисшілер мүлдем «мүнкәр» деп, оны қабыл етпеген. Дегенмен, «хасан хадис» дейтіндер де жоқ емес. Тіпті, «сахих хадис» деп баға бергендер де бар).

Абдусамат Қасым