Індеттен көз жұмған мұсылман шейіт болып есептеле ме?
Індеттен көз жұмған мұсылман шейіт болып есептеле ме?
4 жыл бұрын 18153

Әссәләмуғалейкум!  Құрметті сайт ұжымы, білгім келгені «коронавирустан» қайтыс болған мұсылмандар шейіт болып есептеле ме? Олар жуылып, кебінделе ме? Ардақ.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Қадірменді сауал жолдаушы, алдымен шейіт болудың түрлерін қысқаша айта кетелік. 

Шейіттің үш түрі бар:

  • Дүние және ақыреттік шейіт. Бұларға Алла жолында соғысып жүріп қаза тапқандар және қарақшылардың қолынан немесе бүлікшілердің қолынан опат болғандар т.б. жатады.
  • «Хукми шейіттік», басқаша айтқанда «дүниелік шейіт». Соғыста қайтыс болған екі жүзді мұнафиқтардың өлімі.
  • Ақыреттік шейіт. Бұларға қателікпен өлтірілген, суда тұншығып өлген, отқа жанып өлген, құлаған қабырғаның астында жаншылып өлген, оба сияқты жұқпалы ауруға шалдығып, соның салдарынан өлген, босанып жатып (не нифас кезінде) қайтыс болып кеткен әйел т.б. жатады.  Ақыреттік шейіт санатындағылар бұ дүниеде шейіттік үкімін алмағанымен, о дүниеде шейіттік ілтипатқа қол жеткізеді.  

Шейіттіктің бірінші және екінші түрінде мәйіттің денесі жуылмай, кебінделмей, бірақ, жаназасы оқылып, жерленеді. Ал, шейіттің үшінші түрінде, яғни, ақыреттік шейіттікте мәйіт әдеттегідей жуылып, кебінделіп, жаназасы оқылады.  

Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің хадис-шарифінде ақыреттік шейіттерді былайша айтып өткен:

 الشّهادة سبعٌ سوى القتل في سبيل الله: المطعونُ شهيدٌ، والغرقُ شهيدٌ، وصاحبُ ذاتِ الجنب شهيدٌ، والمبطونُ شهيدٌ، وصاحبُ الحريق شهيدٌ، والّذي يموت تحت الهدم شهيدٌ، والمرأةُ تموتُ بجمعٍ شهيدٌ  

«Алла жолында қайтыс болған (шейттен) өзге, шейіттер жетеу: Оба індетінен көз жұмған адам - шейіт. Суға батып өлген - шейіт. Өкпе ауруынан (плеврит т.б.) қайтыс болған - шейіт. Іш аурудан қайтыс болған - шейіт. Өрттен қайтыс болған - шейіт. Үйіндінің астында жаншылып өлген - шейіт. Аяғы ауыр кезде (немесе босанар сәтінде) қайтыс болған әйел - шейіт»[1].

Басқа бір хадисте:  

وَمَن مَاتَ في الطَّاعُونِ فَهُو شَهِيدٌ  

«Кім індеттен қайтыс болса, ол - шейіт болып саналады» делінген.

Аталмыш хадистердің арапша мәтінінде «Тоъун» сөзін жалқы түрде «оба» деп аударсақ та, жалпы алғанда барлық қатерлі індеттерді (вирустарды) қамтиді. Осыған орай, бүгінде дін мамандарының бірсыпырасы бүкіл әлемді жайлаған «коронавирусынан» көз жұмған мұсылманды да "ақыреттік шейіттер" қатарынан санап отыр[2].  

Осы тұрғыда, «мұсылман» деуімнің себебі, қатерлі індеттен қайтыс болған адамды «ақыреттік шейіт» деп санаумыз үшін Аллаға сенетін, Мұхаммед ғалейһиссәләмді пайғамбар деп білетін мүмін-мұсылман болуы шарт. Мұсылман еместер шейіт болып есептелмейді.


[1] Имам Әбу Дәуід: «Сүнән». (15) 3111.
[2] Шуқый Ибраһим Алләм: "Дәруль Ифтә әл-Мысрыйя". №9000. 10.02.2020 ж.

Абдусамат Қасым