Хадисте айтылған «Қустул Һинди» өсімдігі қандай өсімдік?
Хадисте айтылған «Қустул Һинди» өсімдігі қандай өсімдік?
9 жыл бұрын 35228

Әссәләмуғалейкум! Алла разы болсын. Сұрайын дегенім: Хадисте «кыст аль хинди» деген шөп пе, әлде дәрі ме, нақты білмеймін,бірақ ауруларға ем дегенді естіп едім. Сол туралы жазсаңыздар екен? Бақжан 

Уағалейкум ассалам! Құрметті Бақжан, Пайғамбарымыздың хадистерінде сіз сұрап отырған өсімдік «әл-Қустул Һинди» немесе «әл-Ъудул Һинди» деп келеді.   Латын және орыс тілінде аталмыш өсімдікті "Костус (Costus)" дейді.  Грек тілінде «костустың» мағынасы «шығыстан келген» деген ұғымды білдіреді.

Қостус - күрделітұқымдас тропикалық өсімдік түріне жатады. Тамырының емдік қасиеті бар бұл өсімдіктің ұзындығы 2 метрге дейін жетеді екен. Солтүстік Үндістанда, Гималаи өңірінде көптеп кездеседі. Бұнымен қоса, Үндістан мен Қытай елдерінде тамырына бола арнайы өсіріледі. Үндістанда оны «surabhi» деп атаса, қытай тілінде «Mu Hiang» дейтін көрінеді.

Костус тамыры ақ немесе қара болып келеді. Ақ түстісін әл-Қустул Бахри (теңіз қостусы), қара түстісін әл-Қустул Һинди  (үнді кустусы) деп атайтын болған. Қара түстісі ащылау, қатаң дәмі бар. Ал, ақ түстісі жұмсақ және емдік қасиеті көп.

Ардақты Пайғамбарымыз  (с.а.у.) бірнеше хадисінде аталмыш өсімдіктің емдік қасиетін атап өткен. Соның бірінде:

«Мына үнді сабағын (العود الهندي) пайдаланыңдар, өйткені онда жеті (түрлі дертке) шипа бар: тамағы ауырған (мендалин) оны мұрнына тамызсын (يُسْتَعَطُ بِهِ مِنْ الْعُذْرَةِ), ал өкпеқабы қабынған (плеврит) оны аузына салады[1](وَيُلَدّ بِهِ مِنْ ذَات الْجَنْب)...".

Сондай-ақ,  Пайғамбарымыз (с.а.у.) Айша анамыздың қасында отырған бір әйелдің баласына көзі түседі. Оның мұрнынан қан тамып тұр екен. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Мына сәбидің несі бар?» - деп сұрайды. Баланың бадамшасы (мендалин)[2] асқынғандығын айтадыСонда Пайғамбарымыз: «Неге балаларыңды азаптайсындар. Қустул Һиндиді алып, оны майдалап жеті рет суға арластырып, кейін оны ішкізсін (توجره إياه)», - деп айтады. Сосын олар суға арластырып сәбидің мұрнына тамызады (تسعطه إياه). Бала жазылады».[3]

Аталмыш өсімдік бірнеше ауруларға ем. Соның кейбірін атап өтелік:

  1. Зәр шығару проблемасына қарсы
  2. Бүйрек, бауыр т.б. осы сияқты тамақ қорыту ағзаларының бұзылуының алдын алады
  3. Ауыз рагын емдейді
  4. Потенцияны күшейтеді
  5. Ішек құртын жояды
  6. Қан қысымын ретке келтіреді.
  7. Иммунитетті көтереді т.б.

 Алла тағала ауырған жанға шипасын берсін!

Осы өсімдік жайында қосымша мәліметті мына сілтемеден оқи аласыз: http://islam.kz/ru/articles/islam-i-nauka/kyst-al-hindi-kostus-178/ 

[1] Сахих Бухари, Китабу тыбб.
[2] Бадамша, миндалины (tonsіllae) — мұрын, жұтқыншақ, ауыз қуысының аралықтарына орналасқан бездер. Бадамша асқынғанда жұтыну, тыныс алу қиындайды. Бадамшаның үлкейіп қабынуы баспа (ангина, тонзилит), аденоид жұқпалы ауруларына шалдықтырады.
[3] Ахмад ибн Ханбал, Муснад Жәбир ибн Абдилла - №13976 хадис.

Абдусамат Қасым