Физиогномиканың Исламдағы үкімі қандай?
Физиогномиканың Исламдағы үкімі қандай?
3 жыл бұрын 5820

Физиогномиканың үкімі қандай?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Физиогномика – адамның бас сүйегінің формасына қарап және жалпы адамның бет-әлпетінің қалыбына қарап, оның мінезін, ішкі жан-дүниесін анықтау тәсілі. 

Дінге қайшы ма?

Адамның бет-ажарының ерекшеліктеріне қарай, ол адамның: Қаншалықты ақылды? Мінезі қандай? Не нәрсеге бейім? - т.б. осы сияқты сипаттарын анықтауға тырысу – дінімізге қайшы емес. Мысалы, Құран Кәрімде, «Бақара» сүресінің 273 аятында кейбір абыройлы кедейлер жайында сөз ете келе Алла Тағала былай деп өтеді:  

«...білмейтіндер оларды абырой сақтағандықтарынан бай деп ойлайды. Оларды бейнесінен танисың (кедей екенін). Олар адамдарға жабысып сұрамайды...»[1].  

Осы аятта әлдекімнің бейнесіне қарап, оның қандай күйде екендігін білудің күнәсі жоқ екендігін ұғынуға болады. Сондықтан да, физиогномика тәсілі арқылы әлдекімге мінездеме берудің діни тұрғыда күнәсі жоқ деуге болады. 

Нақтылықты білдіре ме?

Алайда, аталмыш тәсіл дәл айтып, тура анықтай ала ма? – ол жөні күмәнді. Адамның бас сүйегінің формасына қарап немесе бет-пішініне қарап, оның қандай адам екенін нақты анықтауға болатындығы даулы мәселе. Тіпті, бүгінгі зерттеушілердің біразы физиогномика тәсілінің жалған ілімдер қатарынан санау керектігін көлденең тартады. Өйткені, адамның ішкі жан дүниесі мен оның болмысындағы ерекшеліктерінің, бет-пішінімен еш байланысы жоқ екендігі бүгінде белгілі болып отыр дейді олар.

Қорыта айтқанда, физиогномика саласы – психология ғылымының зерттеу алаңына кіретін сала. Дінге қайшы тарапы жоқ. Бірақ, физиогномика тәсілінде нақтылық жоқ екендігін де айтпай кетуге болмайды. Сондықтан да, аталмыш тәсіл арқылы әлдебіреудің мінезіне байланысты және болмысындағы ерекшеліктері мен бейімділігіне қатысты жасаған қорытындысы болжам ғана, нақтылықты білдірмейді.


[1] Құран Кәрім: «Бақара» сүресі, 273 аят.

Абдусамат Қасым