Ақшаға қан өткізуге бола ма?
Ақшаға қан өткізуге бола ма?
9 жыл бұрын 6429

Сәлеметсіздер ме! Адам қан өткізіп донор болса, белгілі ақша беретінге ұқсайды. Ақшаға қан өткізуге бола ма?  Белгілі ақыға қан өткізуді сатуға ұқсатам. Оның күнәсі жоқ деген пікірдемін. Сіздер қалай ойлайсыздар?

Сәлеметсіз бе! Қан өткізіп, донор болу сауапты іс[1]. Өйткені өлім аузында жатқан жанды аман алып қалу және оның сырқатын жеңілдетуге ат салысу игілік екені сөзсіз. Жасаған Иеміз: «...Кімде-кім, бір жанды тірілтсе (өлімнен құтқарса), бүкіл адамзатты тірілткенмен тең»[4], - дейді қасиетті Құранда.

Ал, оны сатуға, дәлірек айтқанда ақшаға қан өткізуге келер болсақ, ғалымдардың көпшілігі оған қарсы. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у.) қанды саудалаудан тыйғаны сахих хадисте айтылған[2]. Оның үстіне Құран Кәрімде доңыз еті және өлексе сияқты заттармен қатар қан да харам деп айтылады. Ал, шариғатта харам дүниелерді сатудың өзі - харам[3]. Осындай қағидаттарды ескере отырып, Ислам фиқһ ұйымы, 1989 жылы Мекке қаласында өткізген он бірінші отырысында: «Қан доноры болуға рұқсат, бірақ оны ақшаға сатуға болмайды...», - деген тоқтамға келген[4].  

Қорытындылай келе айтарымыз, біріншіден - қан өткізетін адам алдымен өз денсаулығына зияны тимейтін жағын қатаң ескеруі керек. Екіншіден – ақыға емес, мүмкіндігінше сауап үшін, жақсылық жасайын деген ниетпен тапсырғаны дұрыс.[5] 

 Ең дұрысы – Аллаға мәлім.


[1] Трансплантацияның шариғаттағы үкімі жайында мына сілтемеден оқи аласыз: http://www.islam.kz/kk/questions/meditsina/transplantatsiya-donor-boludyn-sharigattagy-ukimi-qandai-44/ 
[2] Сахих Бухари: Китабул Буюъ, «Бәбу сәмәнил Кәлб», №2123 хадис.
[3] Себебі Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Шынында Алла тағала бір нәрсені харам етсе, оның ақшасын да харам етеді», - деген. Яғни, сатуды да.
[4]  Дейтұрғанмен, қазіргі ғалымдардың ішінде: «Қиналғанға қол ұшын созу түсінігі тарылған мына заманда ақысыз біреуден жақсылық күту қиын. Ал, қан адамдардың ем-домы үшін өте қажет. Сондықтан да, өткізген қаны үшін ақы алуына рұқсат деуге мәжбүрміз», - деп тұжырым жасағандар да жоқ емес. Али Әл-Қарадағи – әл-Қазая ат-Тыббия, Лүбнән, 2006 жыл. 549-бет. «Байъуд дәм».
[5] Тек аса зәру болғанда ғана ақы алғаны жөн. Өйткені Құран Кәрімде: «وَقَدْ فَصَّلَ لَكُمْ مَا حَرَّمَ عَلَيْكُمْ إِلَّا مَا اضْطُرِرْتُمْ إِلَيْهِ – ...Шын мәнінде сендерге Алла харам еткен нәрселерді ашық баян етті. Бірақ егер шарасыз болсаңдар ол басқа...», - дейді[6]. 
[6] Әнғам сүресі – 119 аят.

Абдусамат Қасым