Мен ерімнен талақ сұраған едім. Енді қайта неке қиюымызға бола ма?
Мен ерімнен талақ сұраған едім. Енді қайта неке қиюымызға бола ма?
6 жыл бұрын 7632

Сәлеметсіздер ме? Біздің отау құрғанымызға 8 жыл болды. Екі жыл алдын заң арқылы ажырасып, қайта жарастық. Ол кезде талақ берген жоқ. Біз неке оқытып қайта жарасып, бірге тұрдық. Кеше арамызда келіспеушілік, жанжал туындап: «маған талағымды бер семен тұрмаймын» деп өзім сұрап алдым. Енді бізге қайта үшінші рет неке қыйдыруға бола ма? Анон.

Сәлеметсіз бе!

Сот арқылы ажырасуды «кіші байын–талақ» десек, одан кейін жарасқысы келгендер сіздер секілді неке жаңартулары керек.

Сіздің жағдайда, еріңіздің кейіннен айтқан талағы - екінші талақ саналып, «рижғи талақ» үкімінде. Оған неке бұзылмайды. Сондықтан, үш хайыз уақыты ішінде неке жаңартпастан қайта татуласу мүмкіндіктеріңіз бар[1]. Ал, одан бері үш хайыз уақыты өтіп кеткен болса, өзара ризалықпен неке жаңарту ләзім. 

Осы тұрғыда мына нәрсені айта кету керек, дінімізде әйел кісінің ерінен себепсіз талақ сұрауы күнә әрекет. Бұған қатысты пайғамбарымыз Мұхаммед  ғалейһиссәләм былай деген: «Қайсыбір әйел ешқандай залал көрмесе де күйеуінен талақ сұрайтын болса, ол әйелге жәннаттың иісі харам». Сондықтан, қит етсе «ажырасамызға» баспай, сабырлы болған жөн. Шайтанның ең үлкен жетістігі – ерлі-зайыптылардың арасын бұзу екен. Ендеше, шайтанның араласуына жол бермеген дұрыс.  

Алла тәуфиқ берсін!


[1] Рижғи талақта татуласу әрекеті – «мен райымнан қайттым», «сөзімді қайтарып алдым», «сенімен ажыраспаймын» дегені сияқты сөз жүзінде, немесе  оны (әйелін) махаббатпен сүю, аймалау т.б. әрекеттері арқылы іс жүзінде жүзеге асады.

Абдусамат Қасым