Күйеуі ұзақ уақытқа кетсе, неке бұзыла ма?
Күйеуі ұзақ уақытқа кетсе, неке бұзыла ма?
6 жыл бұрын 20599

Салеметсіз бе! Менің бір сұрағым бар еді. Менің жолдасым вахталық əдіспен жұмыс істейді. Арасында үш айға дейін жұмыста болады. Естігенім, үш айға дейін ерлі-зайыптылар алыс болса, некелері бұзылады екен.Осы қаншалықты рас?  

Сәлеметсіз бе!

Алдымен мынаны айта кету керек, ер кісі өзінін әйел бала-шағасын төрт айдан артық уақытқа тастауына болмайды. Кей ғұламалар бұны алты айға шығарған.

Сондықтан да, мейлі жұмыс бабымен болсын, мейлі оқу себепті болсын, төрт айдан көп уақытқа (немесе алты айдан көп уақытқа) кетуге - әйелі ризалық танытып жатса ғана рұқсат. Ризалық танытпаса әрі кейін қайтуға ешқандай кедергі болмаса, аталмыш мерзімнен (төрт не алты айдан) көп кешігуі күнә дейді ғалымдар.

Ардақты сахаба Әзіреті Омар (Алла одан разы болсын) өзінің халифалығы кезеңінде ұзақ жерлерге жорыққа аттанған әскерлердің әскери қызмет мерзімдерін алты айға шектеген тұғын. Оның екі айы – жолға кетсе, қалған төрт айы – әскери қызметке арналған. Ондағы мақсаты, бір мұсылманның алты айдан астам уақыт отбасынан жырақта болмасын дегендік. Өйткені, Исламда ер азаматтың отан алдындағы борышымен қатар, отбасысының алдындағы жауапкершілігі де маңызды. Алты айлық мерзім осыдан шыққан. 

Дейтұрғанмен, отағасы қанша ұзаққа кетсе де некеге зияны жоқ. Сондықтан, жарыңыздың жұмыс бабымен үш ай не одан көп уақыт жаныңызда болмауы некелеріңізді бұзбайды. "Үш айда бұзылады" деген қате пікір.

Осы тұрғыда, төрт ай мəселесінің өзі - нәпақа іздеу немесе әскери борышын өтеу яки оқуға кету деген сияқты маңызды себептер мен жағдайларға қатысты. Әйтпесе, еш себепсіз төрт ай бойы, бет-алды бала-шағасын тастап, қаңғырып жүре берсін дегендік емес[1].


[1] Тіпті, кейбір мәзхаб ғұламаларынша (Ханбали және Мәлики) ешқандай маңызды себепсіз құрдан-құр әйел бала-шағасынан безіп, арадан алты ай не бір жыл өткен болса, әйелі қазыға арызданып, күйеуінен айыруды талап ете алады. Бірақ, мұнда да неке өздігінен бұзылады деген сөз емес. Қазы үкім шығармай жатып неке бұзылмайды. Әйелі арызданбай күтем десе де өз еркі.

Абдусамат Қасым