«Егер пәленшенің үйіне барсаң, саған үш талақ беремін» десе, оның үкімі не болмақ?
«Егер пәленшенің үйіне барсаң, саған үш талақ беремін» десе, оның үкімі не болмақ?
8 жыл бұрын 6427

Әссәләмуғалейкум! Бір бауырымыз әйелімен ұрысып, ашу үстінде «енді пәленшенің үйіне барсаң, саған үш талақ берем» деп айтыпты. Енді, әйелім сол үйге барса, үш талақ түсе ме, жоқ па? Соған басы қатып жүр. Қ.

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Сіз айтып отырған талақ «мұғаллақ талақ» үкімінде деген ойдамыз. Мұғаллақ талақ дегеніміз - болашақтағы бір істің жүзеге асуына байланыстырылып айтылған талақ. «Мұғаллақ талақта ниет маңызды» дейтін Ислам ғұламалары бар[1]. Осы пәтуаға қарағанда, досыңыз пәлен үйге барудан тек тыю және қаймықтыру мақсатында айтқан болса, онысы талақ болып саналмайды.

Бірақ, жұбайы сол үйге барған жағдайда «анттың кәффәратын» өтейді[2]. Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 

Ескерту: 

Талақ сөзі - жұбайын үркіту үшін, қорқыту үшін қолданатын құрал емес. Талақ - Шариғи заң. Ол - Исламдағы неке және отбасы заңнамасында қарастырылатын нормативтік-құқықтық жүйе. Бұл жүйе - бүкіл әлемді жоқтан бар еткен, құдіреті шексіз Жаратушының кәләміна (сөз) және Оның елшісі Мұхаммед пайғамбардың хадис-шәрифтеріне сүйенеді. Сондықтан да, оған жеңіл қарау - қателік. Ал, текке талақ айту - Жасағанға жақпайтын әрекет. Сол себепті, онсызда "үшеуге" шектелген "талақ айту" құқын босқа сарп қылып, шайтанға ергенше, ақылға келіп, сауапқа кенелген артық. Осы орайда, "еркек - бас, әйел - мойын" демекші, әйелі де ерінің ашуын тудыратын іс-қимылдардан барынша ұзақ жүргені дұрыс. «Күйеуі разы болған халде о дүниеге аттанған әйел пейішке кіреді» - дейді Пайғамбарымыз!


[1] «Муғалләқ талақтағы» іс орындалған жағдайда талақ та жүзеге асады дегендер де жоқ емес. Проф. Доктор Уахбату Зухайли (р.а.): «әл-Фәтәуа», 181 бет
[2] Анттың кәффәраты - он міскінді тамақтандыру немесе киіндіру яки бір құл азат ету. Бұл - ауқатты адамдардың кәффәраты. Ал, бұған шамасы келмейтін, жағдайы төмен кісілер үш күн қатарынан ораза ұстауы тиіс

Абдусамат Қасым