Алты ай бөлек тұрса неке бұзыла ма? Әйел жүкті бола тұра басқаға тұрмысқа шыға ала ма?
Алты ай бөлек тұрса неке бұзыла ма? Әйел жүкті бола тұра басқаға тұрмысқа шыға ала ма?
4 жыл бұрын 9275

Ассаламуғалейкум! Әйеліммен заңды некеде емеспін, бірақ діни некемізді қиғанбыз. Ортада бала бар. Әрі әйелім менен жүкті еді. Ұрысып, түсініспеушілік болып жүрді. Кейін жарасып, татуласамыз деп жүргенде мен сапарға шығып кеттім. Содан кейін бір жағдайлармен келе алмай, кешіктім. Бірақ әйелім «Алты ай қосылмаса неке бұзылады, талағың қажет емес» дейді. Жүкті бола тұра, ішінде баласы бола тұра өзгеге тұрмысқа шыға ала ма? Мен талақ айтпадым мүлдем.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ерлі-зайыптылар қанша бөлек тұрса да талақ айтылмай немесе қазы (сот) некелерін бұзбай, некелері бұзылмайды. Сондықтан да «Алты ай бөлек жүрсе, неке бұзылады» деуі бекер.  

Ендігі жерде, сауалдағы жағдайда әйеліңіздің басқаға тұрмысқа шығуы қате. Некелері саналмайды. Себебі:

  • Біріншіден – әйеліңіз сізден талағын алмаған, яғни, басы толық бос емес. Басы бос емес әйелдің өзгемен қиған некесі жоққа есептеледі.
  • Екіншіден – бұрынғы күйеуінен жүкті бола тұра, басқа біреумен некелескен. Дінімізде, ажырасқан күннің өзінде, аяғы ауыр әйел өзгеге тұрмысқа шығуы үшін ең алдымен босануы керек. Босанбай тұрып, өзгеге тұрмысқа шығуына рұқсат жоқ, қиылған неке «неке» ретінде саналмайды. Құран Кәрімде: «Аяғы ауырлардың күту мезгілі – босанғанға шейін», - делінген. («Талақ» сүресі, 4 аят).

Қорыта келе, әйеліңіздің қазіргі жағдайда өзгемен қиған некесі шариғи тұрғыда неке болып есептелмейді.

Абдусамат Қасым