Махаббатқа өкпелеп ішімдікке салынды. Оған кім кінәлі?
Махаббатқа өкпелеп ішімдікке салынды. Оған кім кінәлі?
3 жыл бұрын 2121

Ассалаумағалейкум! Бір досымның өтініші бойынша сіздерге осы сұрақты қойып отырмын. Менің досымның білгісі келгені: кісі ақысы жайлы. Досымның үйленгеніне 1 жылдан асты. Қазір 1 баласы бар. Тәп-тәуір жақсы отбасы. Ол өзі намаз оқиды. Оны мазалап жүрген бір мәселе бар: Ол өзінің әйелімен ағасы арқылы танысқан. Қыз бірден жігітті ұнатқандықтан, оған тұрмысқа шығуға бел буады. Аз уақыттан кейін досым да үйленуге шешім қабылдайды. Бірақ бастапқыда қыздың уағдаласқан жігіті болған екен. Бұнысын досым білмеген. Қыз бұрыңғы жігітімен тек үйленуге уағдаласқандығы болмаса, арада ешқандай неке де, құдаласу да жоқ... Досыма көңілі ауғанын естіген бұрынғы жігіті қызға ренжіп ішімдік ішеді. Қызға ауыр сөздер айтады. Сөйтіп қыздың одан да бетер көңілі қалады. Ақыры досым сол қызбен үйленді. Енді ойлайтыны: «Сол жігіттің хаққысына кірмедім ба?» - деп уайымдап жүр. Сіздер не дейсіздер? А. Әсет.

Уағалейкумуссалам уа рахматуллаһи уа бәракатуһ! Сұрағыңыз түсінікті, рахмет. Қыз бірінші жігітімен тек сөз байласқан болса, бірақ арада неке болмаған болса, қыз ол уәдесінен қайтуға құқылы[1]. Бұл жерде оны жар етіп алған досыңыз күнәлі емес.

Ал бірінші жігіттің әлгіндей әлсіздік танытқандығы дұрыс болмаған. Әрине жігіттің қызға деген сезімін айыптаудан аулақпыз. Бірақ шайтан адамның әлсіз жерінен ұстап, онсыз да жаралы жерді одан бетер қанатуға тырысады.  Осы сәтте ақылға келіп, өзін сабырлыққа шақыруы ләзім еді. Әйтпесе шайтанның шырмауына түскені түскен.  Махаббатқа өкпелеп өзіне қол жұмсап жатқан жандарды күнделікті өмірімізде кездестіріп жатамыз. Бұл өте қауіпті. Адам өзін қолға алмаса, шайтанның жетегіне кете бермек және бұл дүние сынақ екенін де ұмытпау керек. Алла тағала әлгі жігітті сонымен де сынаған болуы мүмкін. Алла тағала оған тәубеге келуді нәсіп етсін және екі дүниеде де бақытқа кенелтсін. Ол – Рахман және Рахим.   

[1] Қыз бен жігіттің танысуы жайында толық мағлұматты мына сілтемеден оқи аласыз: http://islam.kz/kk/questions/januya/neke/qyzben-jurudin-hitba-sharttary-qandai-49/ 

 
Абдусамат Қасым