Жүктіліктен сақтану жайында шариғат не дейді?
Жүктіліктен сақтану жайында шариғат не дейді?
3 жыл бұрын 2588

Ассалаумағалейкум! Менің үш кішкентай балам бар. Олар өсіп-жетілгенше жүктіліктен қорғану жолдары арқылы үзіліс берсек дейміз. Сұрайын дегенім, мұсылман әйелге аталмыш жолдардың бірін қолданып, жүктіліктің алдын алуына бола ма?  М.

Уағалейкумуссалам! М., әйел кісі ерінің рұқсатымен жүктіліктің алдын алу жолдарының бірін қолдануына рұқсат. Сондай-ақ ері де әйелінің рұқсатымен жатырға ұрық жібермеу тәсілдерін қолдануына болады. Бұның шариғатқа терістігі жоқ[1]. Бірақ, бұны уақытша жасалып жатқан дүние ретінде қабылдап, Алла жазса, болашақта дүниеге тағы да ұрпақ әкелу ниеті көкейде жүргені дұрыс. Өйткені, балалы үй базар демекші, Пайғамбарымыз (с.а.у) бір асыл сөзінде: «Күйеуін жақсы көретін әрі бала көтеретін әйелге үйленіңдер. Мен сендердің көп болғандарыңмен мақтанамын»[2], – дей отырып отбасы құрудағы басты мақсаттардың бірі заңды жолмен дүниеге ұрпақ алып келу екенін білдіруде. Сондықтан, шамасы келіп, қауқары жететін ерлі-зайыптылар бала туудан қашпағаны жөн.  

[1] Фәтәуаль Исләмия мин Дариль Ифта, 445-бет.
[2] Әбу Дәуід, Китабун Никах, 2050-хадис. 

Абдусамат Қасым