Ерлі-зайыптыларды бір-бірімен ұрыстыратын шайтанның аты қандай?
Ерлі-зайыптыларды бір-бірімен ұрыстыратын шайтанның аты қандай?
5 жыл бұрын 15613

Ассаламуғалейкум! Ерлі-зайыптылардың арасын бұзып, өзара ұрыстырып, қырқыстырып қоятын шайтан, не жынның аты қандай? Әлде, бәрін бір шайтан жасайма? Марат.

Уағалейкумуссәләм, Марат! Ібіліс шайтанның әскерлері көп. Олардың әрқайсысының өз міндеттері бар. Мәселен, намаз оқып тұрған адамды жаңылыстырып, шатастыратын жынның аты - «Хәнзәб». Дәрет алған кезде түрлі күмәндарды ойға салып, уәсуәса тудыратын шайтанның аты - «Уәлəһән» (وَلَهَانُ) т.б.

Бірақ олардың ішінде Ібіліс малғұнға ең сүйкімдісі – ерлі-зайыптылардың арасын бұзып, ажырастыратыны екен[1].

Риуаяттарға қарағанда, ерлі-зайыптыларды бір-бірімен ұрыстырып, арада жанжал тудыратын шайтанның аты - «Дәәсим» (داسم) екен. Табиғин ғалым Мүжәһидтің сөзіне қарағанда Дәәсим – Ібіліс малғұнның балаларының бірі. Оның міндеті үйде жанжал туғызу. 

Мүжәһид былай дейді:   

«...Дәәсим үйге отағасымен бірге кіріп, отбасындағы кейбір айып-кемшіліктерді оған көрсетеді де ол оған ашуланады»[2].

Кейбір деректерде Әзіреті Омарға тиесілі етілетін мынадай сөз келтіріледі. Онда Әзіреті Омар былай деген:

«Ерлі-зайыптылардың арасын бұзатын шайтанның аты - Дәәсим. Егер, кімде-кім үйіне сәлем бермей кірсе, ол да бірге кіріп, майда-шүйде нәрселерден жанжал шығарады». 

Үйге сәлем беріп кірудің маңыздылығын Алла елшісі де өз сөзінде бірнеше рет айтып кеткен. Сондай хадистердің бірінде Әнәс ибн Мәликке Пайғамбарымыз (ғалейһиссәләм):

«Ей, ұлым! Отбасыңа кіргенде сәлем бер (әссәләмуғалейкум де). Саған да, үй ішіңе де береке болады», - деп кеңес еткен[3].   

Алла Тағала отбасыларыңызды береке-бірліктен айырмасын!


[1] Хадис. «Сахих  Мүслим».
[2] Абдурауф әл-Мәнәуи: Файдуль Қадир Шархуль Жәмиғис сағир.
[3] Имам Тирмизи: Сүнән. №2698 хадис: عَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ قَالَ : قَالَ لِي رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ : يَا بُنَيَّ إِذَا دَخَلْتَ عَلَى أَهْلِكَ فَسَلِّمْ ، يَكُنْ بَرَكَةً عَلَيْكَ وَعَلَى أَهْلِ بَيْتِكَ

 
Абдусамат Қасым